Қазақстанның Орталық Азия елдеріне экспортының негізгі тауарлары агроөнеркәсіп кешені мен металлургия өнімдері. Үздік үштікке бидай (860,9 млн доллар, 15,9%), күнбағыс майы (252,6 млн доллар, 4,7%) және өңделмеген алтын, оның ішінде ұнтақ түріндегі алтын (238,5 млн доллар, 4,4%) кіреді. Сондай-ақ металл өнімдері, минералды су, ұн және мұнай өнімдері де елеулі үлеске ие, деп хабарлайды DKnews.kz.
«Орталық Азия тұрақты даму қарқынын көрсетіп отыр: өңірлік ЖІӨ екі есеге жуық өсті, ал өзара сауда көлемі 60%-дан астам артты. Бұл көрсеткіш ішкі нарықтың өсіп келе жатқан әлеуеті мен экономикалық интеграцияның нығая түскенін айғақтайды. Қазақстан өңірдегі ең ірі экономика ретінде экспортты жүйелі түрде дамытуға басымдық беруде. Бұл біздің өндірушілерге Еуропалық Одақ, Таяу Шығыс пен Азия нарықтарында табысты бәсекелесуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Орталық Азия нарығы біз үшін стратегиялық маңызын сақтап келеді», — деп атап өтті ҚР Сауда және интеграция министрлігіне қарасты QazTrade бас директоры Айтмұхамед Алдажаров.
«Экспортты жүйелі дамыту — бұл бір реттік шара емес, ол экспорттық тізбектің барлық буындарын қамтитын тұрақты әрі үйлестірілген үдеріс. Бұл үдеріс инфрақұрылым мен логистиканы, мемлекеттік қолдау шараларын, адами капиталды дамытуды, жаңа нарықтарға шығуды және институционалдық негізді қамтиды. Осындай кешенді тәсіл ғана экспорттың тұрақты тиімділігін қамтамасыз ете алады», — деп толықтырды ол.
2024 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстан мен Орталық Азия елдері арасындағы тауар айналымы 7,6 млрд долларды құрады. Орталық Азия халқының саны қарқынды өсіп, бүгінде 80 миллионнан асты. Бұл тұрақты өсім азық-түлік пен басқа да тауарларға деген сұраныстың артуына әкеліп отыр, ал бұл өз кезегінде қазақстандық экспорттаушылар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Осы тұрғыда Қазақстан өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарып, сапалы өнім жеткізу арқылы көршілес елдер нарығындағы өз позициясын нығайтып келеді.