Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен 2025 жылғы су тасқыны кезеңінің қорытындысы және Tasqyn су тасқынын болжау мен модельдеу жүйесін одан әрі дамыту мәселелері бойынша кеңес өтті. Іс-шара барысында қолданыстағы механизмнің тиімділігі сараланды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, биыл су тасқыны Ақмола, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Абай облысының 16 елді мекенінде тіркелген. Соның ішінде 10 жағдай РМК «Қазгидромет» деректері негізінде алдын ала болжанған, 2 оқиға — халықаралық GloFAS платформасының мәліметтерімен қамтылған. Ал еріген қар суы мен жер асты суларының көтерілуіне байланысты орын алған 4 жағдай бойынша болжам жасалмаған.
Жүргізілген талдау нәтижелері жүйені жетілдірудің нақты бағыттарын көрсетті.
Кеңес қорытындысы бойынша Tasqyn жүйесін жаңғырту кезеңдері мен мерзімдері айқындалды. Сонымен қатар еріген және жауын-шашын суының ағыны параметрлерін ескере отырып гидрологиялық модельді толықтыру, гидробекеттер желісін кеңейту, өзен арналарын батиметриялық түсіру, су қоймаларынан төмен орналасқан өзен учаскелерінде су шығынын болжау, сондай-ақ 2024 жылы салынған бөгеттерді ескере отырып жер бедерінің цифрлық модельдерін жаңарту жөнінде нақты тапсырмалар берілді.