Қазақстанның цифрлық кеңістігінде жасанды интеллект технологиялары арқылы жасалған дипфейктер - жалған видеолар - қайтадан таралуда. Бұл жолы алаяқтардың нысанасына Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу іліккен.
Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде Мұрат Нұртілеудің атынан түсірілген жалған видео кеңінен таралып жатыр. Онда министр Қазақстан аумағында ресейлік әуе кемелерінің еркін ұшуына «толық рұқсат берілгені» туралы мәлімдеме жасайды-мыс. Видеода сұхбат қазақстандық журналистпен жүргізіліп жатқандай көрініс берілген және ол да бұл мәлімдемені қуаттағандай көрсетіледі.
Алайда бұл видео - шынайылықтан мүлдем алшақ, өрескел жалған контент. Мемлекеттік құзырлы органдар азаматтарды мұндай ақпараттарға сенбеуге, тексерілмеген мәліметтерді таратпауға және фейк материалдарға сын көзбен қарауға шақырады.
Ақпараттық қауіпсіздік пен жасанды интеллект контентінің кең таралу жағдайында әсіресе қоғамдық тұлғалар мен ұлттық маңызы бар мәселелерге қатысты хабарламалардың шынайылығына мұқият болу — әр азаматтың жауапкершілігі. Цифрлық тазалық пен сындарлы көзқарас — қазіргі заманның басты талаптарының бірі.