ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің дүниежүзінің әртүрлі елдерінде еңбек етіп жүрген қазақстандық ғалымдармен ауқымды онлайн форматта кездесуі өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Бұл – қазақстандық ғылым үшін тарихи оқиға, әлемнің әр түкпірінде еңбек етіп жүрген ғалымдардың алғашқы кездесуі. Бұл шара Qazaq International Science and Technology Association (QIST) бастамасымен ұйымдастырылып, оған 20-дан астам елден 100-ден аса ғалым қатысты. Олардың қатарында 21 профессор, 24 постдокторант және 43 докторант болды.
Министр Саясат Нұрбек кездесу барысында халықаралық білім беру саласындағы өзекті бастамалар туралы кеңінен баяндап, зерттеушілерді толғандыратын өзекті сұрақтарға жауап берді. Ведомство басшысы бұл кездесу Ғылым және жоғары білім министрлігі мен дүниежүзілік қазақстандық ғылыми қоғамдастық арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңінің бастауы екенін атап өтті. Ол бірлескен жобаларды жүзеге асыру мен елдің ғылыми әлеуетін күшейту үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Министрлік мұндай бастамаларды белсенді қолдауға және тұрақты диалог орнатуға дайын екенін мәлімдеді.
Кездесуге қатысушылар министрдің ашық әрі мазмұнды диалог орнатуға ұмтылысын жоғары бағалап, мұндай байланыс форматын тұрақты түрде жалғастыруға ниетті екендіктерін жеткізді. Бұл – шетелде жүрген қазақстандық ғылыми қауымдастық үшін министрлікпен тікелей байланыстың аса маңызды екенін көрсетеді.
QIST қауымдастығының президенті, Ritsumeikan Asia Pacific University вице-президенті, профессор Серік Мейірмановтың айтуынша, шетелде еңбек етіп жүрген қазақстандық ғалымдардың Қазақстанның ғылыми, білім беру және технологиялық дамуына қосар үлесі зор. Олар халықаралық ынтымақтастықты нығайтып, ғылыми зерттеулер мен тәжірибе алмасу арқылы еліміздің ғылыми әлеуетін байытып келеді.
Шетелден оралған зерттеушілер өздерімен бірге жаңа білім, заманауи әдістер мен технологияларды ала келіп, ұлттық ғылыми экожүйені дамытуға серпін береді. Олар жетекші халықаралық жобаларға қатысып, жаһандық мәселелерді шешуге өз үлесін қосады.
Аталған тарихи кездесу Qazaq International Science and Technology Association (QIST) қауымдастығының ұйымдастыруымен өтті. QIST – әртүрлі елдерде тұрып жатқан қазақстандық ғалымдардың бастамасымен құрылған ерікті ғылыми бірлестік. Қауымдастықтың миссиясы – әлемдегі қазақстандық ғалымдар арасындағы байланысты нығайтып қана қоймай, Қазақстанда ғылым мен технологияны дамытуға үлес қосатын платформаны қалыптастыру.