Депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне жаңа банк қосылды, деп хабарлайды DKnews.kz.
«БиЭнКей коммерциялық банкі» АҚ депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктердің тізіліміне жиырмасыншы банк болып тіркелді. Бұл ақпарат ҚДКБҚ ресми сайтына орналастырылып та қойылды.
Банк депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне 2025 жылдың 25 маусымынан бастап, Қосылу шартының жалпы негіздемесі және уәкілетті органның берген, жеке тұлғалардың депозиттерін қабылдауға, банктік шоттарын ашуға және жүргізуге құқық беретін лицензиясы негізінде қосылды.
Еске саламыз, уәкілетті органның жеке тұлғалардың депозиттерін қабылдауға, банктік шоттарын ашуға және жүргізуге арналған лицензиясын алған әрбір екінші деңгейдегі банк үшін Банктер және банк қызметі туралы заңға сәйкес депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысу міндетті болып саналады.
Жаңа банк қандай депозиттерді қабылдайды
Әрбір банк өзінің депозиттік саясатын және клиенттеріне қандай депозиттер ұсынатындығын, олардың мөлшерлемесі мен валютасы қандай болатындығын өзі белгілейді.
Қордың құзыреті – заңға сәйкес салымшылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету. Айталық, жаңа банк депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қосылған сәттен бастап, жеке тұлғалар мен дара кәсіпкерлердің қабылданған барлық депозиттері басқа банктермен тең дәрежеде ҚДКБҚ кепілдігімен қорғалатын болады.
Нақты қандай депозиттер ҚДКБҚ кепілдігімен қорғалады
ҚДКБҚ кепілдіктері жеке тұлғалар мен дара кәсіпкерлік субъектілерінің депозиттеріне қолданылады. «Депозит» түсінігі салымдардың барлық түрін, оның ішінде жинақ, мерзімді, мерзімсіз, шартты, талап етілмелі салымдарды, сондай-ақ ағымдағы шоттар мен төлем карточкаларындағы ақшаларды қамтиды.
Мұндай жинақ ақшалар – теңгеде және шетел валютасында болса да Қордың қорғауына алынады.
Банктің қандай клиенттері қорғалған
Дара кәсіпкерлердің, жеке нотариустардың, жеке сот орындаушыларының, адвокаттардың және кәсіби медиаторлардың салымдары, шоттары мен карточкалары да салымшы – жеке тұлғалармен бірдей дәрежеде қорғалған.
Барлық қазақстандық банктердегі шетел азаматтарының, еліміздің резиденттері мен бейрезиденттерінің салымдарына келер болсақ, оларға да тең дәрежеде кепілдік беріледі.
Еске саламыз: заңнамаға сәйкес ҚДКБҚ заңды тұлғалардың банк шоттары мен салымдарына кепілдік бермейді. Одан басқа, ислам банктері депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатыспайды.
Салымшы депозитін қалай сақтандырады
Жеке тұлғалардың қазақстандық банктердегі жинақ ақшаларын қорғау құқығы заңда қарастырылған және салымшылар тарапынан қосымша әрекеттерді немесе оған қоса «сақтандыру үшін» қандай да бір шығындарды талап етпейді. Депозиттер бойынша кепілдік Қордың арнайы резервінің ақшаларымен қамтамасыз етілген – ағымдағы жылдың 1 маусымына қарай ондағы жинақталған қаражаттың көлемі 1,3 трлн теңгеден асады.
Депозиттерге кепілдік беру жүйесінің қатысушысы ретінде «БиЭнКей коммерциялық банкі» де Қордың әдістемесіне сәйкес кепілдік беру жүйесінің арнайы резервіне тұрақты түрде жарна төлеп тұратын болады.
ҚДКБҚ қандай заңнама бойынша жұмыс істейді және депозиттерді қорғайды
Біздің елде жеке тұлғалардың депозиттері бойынша кепілдіктер банк қызметтерін тұтынушыларды қорғау шараларының бірі болып табылады және банктер және банк қызметі туралы және депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы заңдарда қарастырылған.
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры – бұл Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің еншілес ұйымы. Қор өзінің мандатына сәйкес елімізде қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге қатысады, атап айтанда – егер қандай да бір отандық банк лицензиясынан айырылса, оның салымшыларының қарапайым және жеделдетілген тәртіпте өтем алу құқығын жүзеге асырады.
Заң депозиттерді толық сомаға қорғай ма
ҚДКБҚ кепілдік сомасы шектеулі. Егер банк лицензиясынан айырылса, Қор заңнамада белгіленген максималды кепілдік сомасы шегінде кепілді өтем төлейді.
Елімізде максималды кепілдік мөлшері экономикалық жағдайларға қарай бірнеше рет ұлғайтылды. Еске саламыз, 2022 жылдан бастап, бір салымшының депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы әрбір банктегі депозиттері бойынша максималды кепілдік сомалары:
- теңгедегі жинақ салымдар бойынша – 20 миллион теңгені,
- теңгедегі жинақ салымдардан басқа карточкалар, шоттар және депозиттер (мерзімді, мерзімсіз, талап етілмелі және т.б.) бойынша – 10 миллион теңгені,
- шетел валютасындағы салымдар, карточкалар және шоттар бойынша – 5 миллион теңгені құрайды.
Егер салымшының бір банкте әртүрлі бірнеше депозиті және солардың арасында жинақ салымы да бар болса, Қордың жиынтық кепілдігі салымшының әрбір салымы бойынша белгіленген максималды кепілдік сомасы және пайыздық сыйақысы есепке алына отырып, 20 млн теңгені құрайды және одан асырылмайды.
Сондықтан бір салымшының бір банктегі депозиттері максималды кепілдік сомасы шегінде толық көлемде қорғалған; ҚДКБҚ кепілдігінен асатын депозиттер де қорғалған, бірақ олар максималды кепілдік сомасынан асырылмайды. ҚДКБҚ кепілдіктері тиімді, өйткені кепілдік берілген барлық банк шоттарының 99%-нан астамын толық көлемде қамтиды. Алайда егер жинақ ақшаның көлемі ірі болса, Қор салымшыларға ақшаларын кепілдікпен толық көлемде қамту үшін оларды әртүрлі бірнеше банкте орналастыруға кеңес береді.
Атап өту керек, қазір банктер клиенттермен банк шоты немесе банк салымы шартын жасасу барысында оларға сол шоттың немесе салымның маңызды талаптары туралы толыққанды мағлұмат беруге міндетті. Сондай маңызды талаптардың бірі – салымшы таңдаған салымның түрі және сол бойынша максималды кепілдік сомасы. Сондай-ақ банктер өз салымшыларына депозиттер бойынша кепілді өтем төлеу тәртібі туралы жалпы сипаттағы арнайы мәліметтерді де ұсынады. Бұл ақпараттар депозит ашу барысында банк бөлімшелерінде және онлайн түрінде берілуі тиіс.
Бұдан басқа, барлық банктердің салымшылары кепілдік мәселелері бойынша Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының колл-орталығына 1460 қысқа нөмірі бойынша хабарласа алады. Қоңырау шалу тегін. Қордың ресми сайты – kdif.kz
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының Төрағасы Әділ Өтембаев