Қаржылық мониторинг агенттігі шекара маңындағы аумақтардан бензинді әкету мәселелері бойынша ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті, ҚР ҰҚК Шекара қызметі және ҚР ҚМ МКК Экспорттық бақылау басқармасы басшылығының қатысуымен кеңес өткізді, деп хабарлайды DKnews.kz.
Кездесу барысында «Өткізу» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында жүргізілген бірлескен жұмыстың қорытындылары шығарылды. Оның нәтижесінде бензинді заңсыз әкету 50%-ға қысқарды.
АИ-92 маркалы бензинді заңсыз әкетудің 534 әрекетінің жолы кесілді, кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар, отынды тасымалдауға қайта жабдықталған көлік құралдарының елге қайта кіруінің 865 әрекеті анықталды.
Кеңес қорытындысы бойынша ведомстволар арасындағы үйлестіруді күшейту және «Өткізу» шеңберінде мұнай өнімдерін заңсыз әкетуге қарсы жүйелі жұмысты жалғастыру туралы шешім қабылданды.