«Айбынның» көшбасшы командалары «Күшіміз бірлікте» әскери-далалық тактикалық ойындарына қатысты

1045
Фотосурет: Gov

«Айбын-2025» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны аясында «Күшіміз бірлікте» әскери-далалық тактикалық ойыны өтті. Оған бұған дейінгі жиын кезеңдерінде үздік нәтиже көрсеткен командалар қатысты, деп хабарлайды DKnews.kz.

Әскери-тактикалық сценарий мүмкіндігінше нақты жағдайларға жақындастырылды. Далалық лагерье таңертеңгі дабылмен көтерілді. Ойынға қатысушы командалардың дайындығы тексерілгеннен кейін нұсқаушылар марш жасау ережелері мен қауіпсіздік шараларын жеткізді.

Жауынгерлік бұйрық алғаннан кейін қатысушылар іс-қимыл үйлесімділігін, жергілікті жерді бағдарлау, топтағы өзара іс-қимыл, шартты түрде жараланғандарды эвакуациялау, кедергілерді еңсеру және дағдарыстық жағдайларда тактикалық ойлай білу машықтарын көрсетті.

 – Мұндай сынақ күш-қуат тұрғысынан шыңдалуға, сондай-ақ командада бір-біріне дем беруге, тәртіп пен сенімнің маңыздылығын түсінуге ықпал етеді. Болашақ Отан қорғаушы осылай қалыптасады, – деп атап өтті «Айбын-2025» лагерь жиыны штабының бастығы подполковник Дәулет Бейсеков. 

Төзімділік емтиханына айналған ойындар командалық үйлесімділік пен көшбасшылықты дәлелдей білді. Көптеген жасөспірімдер үшін бұл әскердегі ұжымдық іс-қимылдың алғашқы тәжірибесі болды.

 – «Айбын» әскери-патриоттық жиынына алғаш рет қатысып отырмын. Біздің команданың көшбасшы атанып, әскери-далалық ойындарда бақ сынасқанын мақтан тұтамын. Мұнда біз сарбаз ретінде командирдің бұйрығын бұлжытпай орындаудың қаншалықты маңызды екенін сезіндік, – деді семейлік жас патриот Жақан Абзал.

 «Айбын» әскери-патриоттық жиыны жыл сайын белсенді, әрі жауапты өз еліне барынша пайда әкелуге дайын жастардың жаңа буынын қалыптастырып келеді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -