5514 әскери бөлімінің оқу пунктінде Талдықорған гарнизонының Әскери прокуроры әділет полковнигі Еркін Қожа-Ахметтің қатысуымен жас сарбаздарға арналған «Прокурор сағаты» іс-шарасы өтті. Бұл кездесу жас буын әскери қызметшілердің құқықтық сауаттылығын арттыру, құқықбұзушылықтардың алдын алу және әскери тәртіптің маңыздылығын түсіндіру мақсатында ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында әскери прокурор сарбаздарға ҚР Қарулы Күштеріндегі құқықтық тәртіптің маңызы, әскери қызмет өткеру кезінде туындайтын құқықтық қатынастар, әскери қызметшілердің құқықтары мен міндеттері туралы кең көлемде түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Ол нақты мысалдар келтіре отырып, әскери ортада жиі кездесетін құқықбұзушылық түрлеріне тоқталып, олардың салдарлары мен алдын алу жолдарын түсіндірді.
Әділет полковнигі Еркін Қонайұлы сарбаздарға кез келген құқықтық мәселеде заң аясында әрекет ету қажеттігін ескертіп, заңсыз әрекеттерден сақ болуға шақырды. Өз кезегінде сарбаздар да белсенділік танытып, көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, толық әрі нақты жауаптар алды. Ашық диалог форматында өткен сұхбат жас жауынгерлер үшін маңызды тәжірибе алаңы болды.
Кездесу соңында әскери прокурор сарбаздарға адал қызмет етудің, тәртіп пен заң талаптарын сақтаудың маңызын тағы бір мәрте еске салды. Оның айтуынша, мұндай тәрбиелік мәні зор іс-шаралар әскери ортада құқықтық мәдениетті қалыптастырып қана қоймай, тәртіп пен жауапкершілікке деген көзқарасты нығайтады.
Жас сарбаздар үшін өткізілген бұл «Прокурор сағаты» – құқықтық сауаттылықты арттырудың және әскери ортадағы заңдылықты қамтамасыз етудің бірден-бір тиімді құралы болып табылады. Мұндай кездесулер болашақта да тұрақты түрде өткізіліп тұратын болады.
Кіші сержант Нұргүл Сейдахметова