Ақтөбе облысында Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдық мерейтойына арналған жастардың XI халықаралық «Айбын» әскери-патриоттық жиыны өз мәресіне жетті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Жиын Әуе қорғанысы күштерінің екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы әскери институтының «Айбын» оқу-жаттығу орталығында өтті. Әзербайжан, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан елдерінен жиналған командалар бір апта бойы зияткерлік, шығармашылық және әскери-қолданбалы сайыстарда бақ сынады. Іс-шараға Қытай Халық Республикасының делегациясы бақылаушы ретінде қатысты.
Жиынның ең маңызды оқиғаларының бірі Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қатысуы болды. Мемлекет басшысы жастар арасында азаматтық жауапкершілік пен рухани құндылықтарды қалыптастырудағы әскери-патриоттық тәрбиенің маңызын айтты.
Шараның салтанатты жабылу рәсіміне Қорғаныс министрлігінің басшылығы, күштік құрылымдардың және Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, Қарулы күштер ардагерлері мен қоғамдық ұйымдар қатысты.
Жас патриоттарды жиынның аяқталуымен Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Косанов құттықтады.
Бүгінде бар назар сіздерге – жас ұрпаққа аударылып отыр. «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жиыны әскери ынтымақтастықты нығайтып қана қоймай, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады. Әрбір жеңіс – бұл өзін-өзі дамытуға және жаңа жетістіктерге бастайтын қадам Дәурен Косанов
Сондай-ақ, Қорғаныс министрі шараны ұйымдастыруға қолдау көрсеткені үшін Ақтөбе облысының әкіміне және әділ бағалағаны үшін төрешілер алқасына алғысын білдірді.
Сайыс нәтижесі бойынша өңірлік категорияда бірінші орынды Абай облысының «Абай қырандары» әскери-патриоттық клубы жеңіп алды. Екінші орынды Түркістан облысының «Жас қыран» клубы иеленді. Үшінші орынды Түркістан облысының «Арыстан» және Павлодар облысының «Қайсар» клубтары бөлісті.
Барлық жеңімпаз командалар мен Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстаннан келген қатысушыларға естелік сыйлықтар мен марапаттар табысталды.