Астана күні қарсаңында Қазақстанның халық композиторы Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығына арналған «Әнім сен едің» атты мерекелік концерт өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Мәдени іс-шара Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония маусымының жабылуына орай «PHILHARMONIC FEST-2025» музыкалық фестивалі аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Іс-шараның басты мақсаты – ұлттық ән өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті композитордың бай шығармашылық мұрасын дәріптеу, жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік пен өнерге деген құрметті қалыптастыру, сондай-ақ халықтың рухани мәденитін байыту.
«PHILHARMONIC FEST» – бұл концерттік маусымның жабылуына орайластырылған жыл сайынғы іс-шара, биыл біз шеруді орталық саябақ арқылы бастадық, шерудің басында үрмелі оркестр жүріп, филармония туын мақтанышпен көтердік. Негізгі мақсат – халыққа жақын болу, сүйікті көрерменмен ашық атмосферада кездесу. Бүгін Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығына арналған тамаша концерт өтті. Амфитеатр залын толтырған көрермен әр әртісті, әр нөмірді өте жылы қарсы алғанын атап өткім келеді. Шәмшінің әндері – жүрек үнін жеткізген махббат гимні іспетті», – деп атап өтті Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік Академиялық филармониясының режиссері Бақыт Тәженов.
Концерттік бағдарламада композитордың кеңінен танылған 20-ға жуық шығармасы орындалды. Оның ішінде «Арыс жағасында», «Сен сұлу», «Ана туралы жыр», «Сағынышым менің», «Ақ бантик», «Ақмаңдайлым», «Бақыт құшағында» және басқа да елге кеңінен танымал әндері шырқалады. Бұл әндер – бірнеше буынның жүрегінен орын алған шынайы ұлттық музыкалық мұра. Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығына арналған бұл кеш ұлттық өнерге деген құрмен пен ықыластың жарқын үлгісі болды.