Агросекторға мемлекеттік қолдаудың тиімділігі жеткіліксіз деген сынға жауап ретінде Қазақстан фермерлері қауымдастығы мұндай пікірлермен келіспейтінін білдіріп, үкіметке жүйелі қолдауы үшін алғыс айтты. Facebook парақшасында жарияланған жазбасында қауымдастық төрағасының бірінші орынбасары Ермек Абуов субсидиядан бастап цифрландыруға дейінгі шаралардың нақты нәтиже беріп жатқанын және ауылдық аймақтардың тұрақты дамуы мен елдің азық-түлік қауіпсіздігінің негізіне айналғанын атап өтті.
Соңғы кездері кейбір Парламент Сенатының депутаттары, түрлі сарапшылар тарапынан «ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау деңгейі жеткіліксіз, тиімділігі төмен, нәтиже көрінбейді» деген сөздер жиі естілуде.
Өз кезегінде Қазақстан фермерлерінің қауымдастығы бұл пікірмен келіспейді және еліміздің аграрлық секторын дамытуға бағытталған кешенді мемлекеттік қолдау үшін Қазақстан Республикасының Үкіметіне ризашылығын білдіреді.
Соңғы жылдары ауыл шаруашылығына көрсетіліп отырған жүйелі қолдау шаралары – субсидиялау, жеңілдетілген несие беру, инфрақұрылымды жаңғырту, кооперацияны дамыту, жаңа технологияларды енгізу және аграрлық білім мен ғылымды қолдау – саланың қарқынды дамуына зор серпін беруде. Бұл қолдаулардың нәтижесінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі артып, еңбек өнімділігі жақсарып, ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайы нығайып келеді.
Атап айтқанда, фермерлер мен аграрлық кәсіпорындар үшін жасалған қаржылық және техникалық жеңілдіктер өндірісті ұлғайтуға, жерді ұтымды пайдалануға, ауылда жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар, агроөнеркәсіп кешеніне заманауи технологияларды енгізу мен цифрландыру үдерістері аграрлық секторды жаңа деңгейге көтеруде.
Нақты қаражат бойынша жеңілдетілген несие көлеміне келсек, көктемгі дала және егін орағы жұмыстарын жүргізуге 700 млрд. теңге жеңілдетілген (5%-бен) несие жоспарланып, 473 млрд. теңге игерілді, жеңілдетілген техника лизингіне 250 млрд. теңге жоспарланып, 103 млрд. теңге игерілді. Қайта өңдеу кәсіпорындарының айналым қаражатын толықтыруға 44 млрд. теңге, мал шаруашылықтарына 50 млрд. теңге жеңілдетілген несие бөлінеді.
Мемлекеттің ауыл шаруашылығына деген мұндай жан-жақты қолдауы – тек қана экономикалық емес, сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар қадам. Бұл ауыл тұрғындарының болашағына деген сенімін арттырып, ауылды жерлердің дамуына жол ашуда. Ауыл – халқымыздың рухани тірегі, ұлттық дәстүр мен мәдениеттің алтын бесігі. Сондықтан ауыл шаруашылығын қолдау – бұл еліміздің тұрақты дамуының кепілі.
Сонымен қатар, көлік шығындарын субсидиялау арқылы астық нарығын реттеу бойынша Үкімет қабылдаған шаралардың маңыздылығын атап өтпеске болмайды. Бұл шара артық астықты жаңа нарықтарға экспорттауға, қазақстандық астықты импорттаушылар тарапынан алыпсатарлыққа жол бермеуге мүмкіндік берді. Үкімет қабылдаған пәрменді шаралардың арқасында фермерлер өндірістің рентабельділігін сақтап, жұмысшыларға лайықты жалақы төлей алды. Сенат депутаттары егін шаруашылығын пәрменді мемлекеттік қолдау – бұл астық экспортын дамытудың кепілі ғана емес, сонымен қатар өңдеушілерді шикізатпен қамтамасыз ету, мал шаруашылығына қолжетімді азықтың болуы және ең бастысы - ауылдық округтерді дамыту екенін түсінуі тиіс.
Қазақстан фермерлерінің қауымдастығы алдағы уақытта да мемлекетпен бірлесе жұмыс істеуге, отандық ауыл шаруашылығын дамытуға аянбай атсалысуға дайын екенін мәлімдейді.