2025 жылғы 26 маусым (бейсенбі) күні Қазақстан Республикасындағы Корея Республикасы Елшілігінің Корей мәдени орталығы Алматы қаласы әкімдігімен бірлесе отырып, Қазақстанның экономикалық және мәдени астанасының орталығында орналасқан Республика сарайында «Central Asia K-pop Cover Dance Champion» шарасын өткізді, деп хабарлайды DKnews.kz.
K-pop Cover Dance Champion — әлемнің 85 елінде жүзеге асырылып отырған халықаралық жоба. Бұған дейін байқаулар Орталық Азияның әр елінде жекелеген түрде өтетін болса, биыл алғаш рет Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстанды біріктіріп, Корея мен Орталық Азия арасындағы мәдени алмасу алаңына айналды. Үш елден 28 команда өтінім берген байқаудың финалына үздік 12 команда шығып, K-pop би мәдениетіне деген ерекше құштарлықтары мен жоғары шеберліктерін көрсетті. Байқаудың соңында кештің арнайы қонағы ретінде әйгілі корейлік TNX тобы өнер көрсетіп, мерекелік кештің сәнін арттырды.
Жоғары бәсекелестік нәтижесінде бірінші орынды BSS тобының CBZ әніне қойған қойылымымен INBLISS командасы иеленді. Екінші орынды — FACE командасы, үшінші орынды — TEENSPIRIT командасы иеленді. Бұл үш команда Корея Республикасының Чанвон қаласында қазан айында өтетін «K-pop World Festival» байқауына қатысуға өтінім беру мүмкіндігіне ие болды.
Қазылар алқасының мүшесі, KBS Art Vision директоры Ю Чжи Чоль:
«Әрбір өнер көрсетілім өзіндік ғажап интерпретациясымен және ерекше қуатымен ерекшеленді — бұл шынымен де әсерлі болды»
Шара — екі елдің мемлекеттік және жеке мекемелердің өзара ынтымақтастығының нәтижесі
Байқау Корея мен Қазақстанның мемлекеттік және жеке мекемелерінің белсенді ынтымақтастығы негізінде жүзеге асырылған мәдени алмасу бағдарламасының бір бөлігі болды. Республика сарайының фойесінде шара серіктестері — Корея туризм ұйымының Алматыдағы өкілдігі, Корея Республикасының ауыл шаруашылығы, балық және азық-түлік өнімдерін сату корпорациясының Мәскеудегі өкілдігі (aT), Корея Республикасының Бас консулдығы жанындағы Сауда бөлімінің өкілдігі (KOTRA), сондай-ақ демеушілер — LG Electronics Kazakhstan және Shinhan Bank Kazakhstan өз промо аймақтары мен стендтерін ұсынды. Бұл алаңдар көпшілік қонақтардың қызығушылығын тудырды. Іс-шараны шамамен 2 500 адам тамашалады.
Мәдени алмасу жалғасуда
Қазақстан Республикасындағы Корея Республикасы Елшілігінің Корей мәдени орталығы 27–28 маусым күндері Корея мен Қазақстан арасындағы мәдени алмасу аясында концерттер өткізуді жоспарлап отыр. 27 маусымда Кореяның азаттық алғанына 80 жыл және қазақ халқының рухани әкесі Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына арналған бірлескен концерт өтеді. Ал 28 маусымда корейлік TNX тобы мен қазақстандық орындаушы ACE өнер көрсететін «One Beat: K-pop & Q-pop» концерті өтіп, екі елдің заманауи мәдениеттерінің өзара байланысы мен бірлігінің символына айналады.
Корей мәдени орталығының директоры Ку Бон Чхоль:
«K-pop пен қазақстандық Q-pop-тың қаншалықты танымал екенін жақсы білемін. Бұл музыкалық жанрлардың бір-біріне оң әсер етіп, бүкіл әлемде тыңдармандардың жүрегін жаулай беретініне үміттенемін. Бұл шара Корея мен Қазақстан арасындағы достықты нығайтудың жаңа қадамы болады деп сенемін»