23-28 маусым аралығында Ақтөбе облысында XI халықаралық «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиыны өтіп жатыр. Биыл жиынға Қазақстан, Әзірбайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан елдерінің әскери-патриоттық қозғалыстарына мүше 800-ге жуық жастар жиылған. Олардың арасында Ұлттық ұланның «Жас бүркіт» әскери-патриоттық клубы да бар. Ал іс-шараның ашылу салтанатына Президент – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы қатысты.
Жиын Ұлы Жеңістің 80 жылдығына және қазақ халқының батыр қызы Әлия Молдағұлованың 100 жылдық мерейтойына арналған. Қасым-Жомарт Тоқаев барша қатысушыларды «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынының ашылуымен құттықтап, бұл жас өрендеріміздің рухын шыңдайтын өте маңызды іс-шара екеніне назар аударды.
– Биыл «Айбын» жиыны қазақтың қайсар қызы, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл толуына арналып отыр. Ержүрек мерген қыздың ерлігі халқымыздың және достас елдердің тарихына алтын әріппен жазылған, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, қазіргі құбылмалы, бұлыңғыр заманда біз осы тарихи ақиқатқа адал болуымыз керек, зұлмат соғыстың қасіретті сабағын ұмытпауымыз қажет.
Мемлекет басшысы әскер қатарында болу абыройлы міндет екенін атап өтіп, еліміз өскелең ұрпақтың әскери-патриоттық тәрбиесіне баса мән беретінін жеткізді.
– Қуатты Армия – тәуелсіздік тірегі, қарқынды даму кепілі. Бүгін сапта тұрған сарбаздар – нағыз отаншыл, батыл, мықты азаматтар. Қазақстан Армиясының келешегі сіздердің қолдарыңызда! Әділетті және Қауіпсіз Қазақстанды құратын да – Сіздер. Мен Жоғарғы Бас қолбасшы ретінде еліміздің білімді, адал, озық жастарына сенемін! Алдағы күндері сіздердің қаншалықты күшті әрі епті екендеріңіз сыналады. Әскери қызметтің қандай болатынын сезініп, заманауи армияның озық технологияларымен танысасыздар. Нағыз жауынгер табанды еңбек, қатаң тәртіп пен жауапкершілік қана жеңіске жеткізетінін біледі. Тактикалық ойындар кезінде сіздерге батылдық пен шешімталдық қажет болады. Командамен ұйымдаса әрекет ету, бір-біріңе көмектесу талап етіледі. Бүгін осы жиында Қазақстанның намысын «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының ең үздік мүшелері қорғайды. Жастарымыз жарысқа лайықты деңгейде қатысып қана қоймай, өздерін осы елдің қонақжай әрі кеңпейіл иесі ретінде көрсететініне сенімдімін. Осы жиыннан жаңа дағды үйреніп, адал дос тауып, керемет әсермен оралуларыңызға тілектеспін. Баршаңызға сәттілік тілеймін! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ашылу салтанатының 25 маусымда ұйымдастырылғанына қарамастан жиын 23 маусымда бастау алды. Бұл күндері балалар мен жасөспірімдер «Айбын дарыны» интелектуалдық ойынына, «Smart Sarbaz» технологиялық конкурсына және «Айбын» жұлдызы шығармашылық сайысына қатысты. Пневматикалық мылтықтан ату, Калашников автоматын шашып, қайта жинаудан күш сынасты. ҚР ІІМ Ұлттық ұланының атынан 6655 әскери бөлімінде құрылған «Жас бүркіт» әскери-патриоттық клубы қатысып, алдыңғы қатардан көрінуде.
– Бұл жерге келу үшін мен көптеген кезеңдерден өттім. Аудандық және облыстық деңгейден суырылып шыққан қыз-жігіттер ғана осында келге лайық деп танылды. Бәсекеге қабілетті балалар жарыстың бірінші күні «Айбын дарыны» зияткерлік ойынында қазақ тарихы мен батырларына қатысты сұрақтарға жауап бердік. Бұл сайыста біздің команданың өкілі үшінші орын иеленді. Сондай-ақ сол күні Пневматикалық мылтықтан ату, АК-74 қаруын жартылай бөлшектеу және жинақтау бойынша жарыстық. Екінші күні ұлдар белтемірге тартылу, ал қыздар арқамен жатқан күйде денені көтеру бойынша сынақ тапсырды, - Ақтөбе облысы Ғұбайдолла Ақтаев атындағы №6 мектеп-гимназиясының оқушысы әрі «Жас бүркіт» клубының капитаны Нұрғожа Исатаев.
14-18 жас аралығындағы ұландық жасөспірімдер құқықтық тәртіп әскерінің 6655 әскери бөлімінде апталап дайындықтан өткен. Осы жиынға дайындалу барысында тынымсыз әзірленген қыз-жігіттер алғашқы күннен бастап, жеңіс үшін барын салуда.
№ 51 гимназияда оқитын Назым Хасенова жиынның жоғары деңгейде өтіп жатқанына дән риза. Оның айтуынша, барлық қатысушы үшін жағдайдың бәрі қарастырылған және шетелден келген балаларға естелік сыйлықтар берілген. Азғантай күннің кшінде түрлі эмоцияларды бастан өткерген жас өрендер бір-бірлерімен етене араласып, жаңа достар тапқан.
- Менен де мықты, менен де асып түсетін балалар бар екен. Қаншама елден балалар келіп жатыр, олармен де байланыс орнатып, ой-өрісімізді кеңейтіп жатырмыз. Қарсыластарымыз өте мықты екен. Соған қарамастан қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз, - деді ол.
Қатысушылар ішінде келесі жолы қайта келуге бел буып отырғандар да табыла кетті. Сондай жандардың бірі — Томирис Дәрменқызы. Оның сөзінше барлық кезеңде айтарлықтай қателіктер болмаған. Ол үшін, әсіресе, арқамен жатқан күйде денені көтеру қиындық тудырған көрінеді. Себебі оған эмоциялық қысым әсер еткен көрінеді. «Жас бүркіт» клубы өзгелерден өзінің тиянақты және ұқыпты әрекетімен ерекшеленеді. Ондағы әр қатысушыға «Ұлттық ұлан» деген кезде қауіпсіздік, татулық және намыс ассоциация болады.
Жиынның үшінші күні Ұлттық ұланның Тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі (ТжӘҚЖ) бас басқармасының қызмет бастығы полковник Әлішер Әбдірәсіл жас өрендердің жағдайымен танысты. Сонымен қатар Ішкі істер министрінің орынбасары - Ұлттық ұланың Бас қолбасшысы генерал-майор Аңсаған Балтабековтың атынан сәттілік тіледі.
Бұл күні оларға әртүрлі әскери құрылымдардан келген өкілдер үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Бұл бағытта 6655 әскери бөлімі командирінің орынбасары подполковник Т. Тортаев Петропавл қаласында орналасқан Ұлттық ұлан академиясына оқуға түсу ерекшеліктері турасында айтып берді.
Жиын қатысушылары сайыстан тыс уақытта киіз үйлерде құрылған музейлерді аралады. Сонымен қатар олардың назарына ашық аспан астындағы әскери техникалар мен ұшақтардың көрмесі қатты әсер етті. Атап айтқанда олардың назарына Т-72Б танкі, Сауытталған жеңіл көп бағытты тартқыш МТ-ЛБ, «Арлан» брондалған кешенді көлігі, «Alan 2», «BARYS 6x6» брондалған дөңгелекті машинасы, «BARYS 8x8» көп бағытты брондалған машинасы, «Кобра», 152-мм гаубицасы бар Д-20 Зеңбірегі, 120 мм тасымалданатын миномет 2С12 «Сани», 1ЗУ-23-2 зениттік зеңбірегі, СПГ-9 гранатаатқышы көрсетілді. Әр қатысушы аталған әскери техникаларды емін-еркін тамашалап, ұшақ кабиналарын өз көздерімен тамашалады.
Балалар үшін бағдарламада спорттық сайыстар, «Күшіміз бірлікте» әскери-тактикалық ойыны қарастырылған. Кешқұрым жастар алау басында патриоттық әндер орындап, кешті көңілді өткізуге тырысады. Мұнымен сайыс әлі аяқталған жоқ. Алда жиынның әлі жартысы бар. Тартысты сайыстардың қызатын шағы да осы кезеңдер. Ұлттық ұлан командасының ресми өкілі аға лейтенант Заңғар Ермекбаевтың айтуынша өз тобында нәтижелі орынға таласуға әлі де үміт бар. Бірақ жиынның соңғы күніне дейін әлі де біршама күрделі кезеңдер күтіп тұр. Құқықтық тәртіп әскерінің намысын қорғаған «Жас бүркіт» клубының мүшелері өзге командаларға лайықты қарсылық көрсетіп, әскеріміздің туын лайықты алып жүретіндеріне уәде берді.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Ұлттық ұланның әскери бөлімдерінің қолдауымен 59 мектеп пен 3 колледжде жалпы саны 108 «Жас бүркіт» әскери-патриоттық сыныбы ашылған. Сондай-ақ әскери бөлімдер аумағында 33 спорттық әскери-патриоттық клубы жұмыс істейді. Мұндағы тәрбиеленушілердің жалпы саны 2500-ге жуық. Олар үшін арнайы сабақ кестелері түзілген. Оқушылар сабақтардың нәтижесінде әскери салаға бейімделіп, өмірге қажет дүниелерді меңгереді.
Қатардағы Жанболат КЕНЖЕҒҰЛ, Ақтөбе қ.