2025 жылы қазақстандықтардың қалтасына ең көп салмақ салған қызмет түрлері қандай

2024
Фотосурет: sotni.ru

Қазақстанда инфляция қарқын алуда.

2025 жылғы мамырда жылдық баға өсімі 11,3%-ды құрады (сәуірде — 10,7%). Ақылы қызметтер бір жылда 16%-ға (сәуірде — 15,7%), азық-түлік тауарлары 9,6%-ға (сәуірде — 8,5%), ал азық-түлікке жатпайтын тауарлар 9%-ға (сәуірде — 8,9%) қымбаттады.

Тұтынушылар шығындарының құрылымын ескергенде, инфляцияның жылдық деңгейіне ең көп үлес қосқан санаттар — азық-түлік пен алкогольсіз сусындар (3,8 п. т.), тұрғын үй қызметтері (1,8 п. т.) және денсаулық сақтау (1,4 п. т.).

Инфляцияның негізгі қозғаушы күші — ең жоғары баға өсімі тіркелген қызмет көрсету секторы. Енді бұл саланы толығырақ талдап, қай қызмет түрлері бағаның шарықтауына және қазақстандықтардың қалтасына салмақ түсуіне көбірек әсер еткенін, ал қайсысы керісінше, аса қымбаттамағанын қарастырайық.

Биыл мамыр айында қызмет көрсету саласында ең жылдам қымбаттаған сегменттер — байланыс (жылдық өсім 17,6%), мәдениет және демалыс (плюс 17,1%), тұрғын үй-коммуналдық қызметтер (плюс 15,7%) және денсаулық сақтау саласы (плюс 15,5%). Ал баға өсімі ең баяу тіркелген сала — көлік саласы: жылдық қымбаттау деңгейі небәрі 7,3%-ды құрады.

Аталған салаларды толығырақ қарастырайық. Байланыс секторында бағаның ең жоғары өсімі ұялы байланыс қызметтерінде байқалды (жылдық өсім 19,5%) және сәлемдеме жолдау құны да (плюс 17,7%) қымбаттады. Демалыс саласында кешенді демалыс ұйымдастыру қызметтері 62,3%-ға қымбаттаса, балалар аттракционы 18,2%-ға өсті.

Өткен жылдың мамыр айымен салыстырғанда, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында мынадай тарифтік өзгерістер тіркелді: суық су 97,6%-ға, кәріз қызметтері 25,1%-ға, орталықтан жылыту 19,2%-ға, таратушы желілер арқылы жеткізілетін газ 15%-ға өсті. Сондай-ақ ыстық су 14,5%-ға, электр энергиясы 11,2%-ға, ал тұрғын үйді күтіп-ұстау ақысы бар болғаны 10,7%-ға қымбаттады.

Денсаулық сақтау саласында медициналық зертханалардың қызметтері (жылдық өсім 29,2%) және дәрігердің алғашқы қабылдауы (16,3%-ға) айтарлықтай қымбаттады.

Бағалары салыстырмалы түрде баяу өскен көлік саласының өз ішінде де жекелеген қызмет түрлері едәуір қымбаттаған. Атап айтқанда, жолаушыларды теміржол көлігімен тасымалдау ақысы бірден 26,5%-ға өсті, қалалық автобуспен жүру ақысы 11,1%-ға, әуе көлігі 10,5%-ға қымбаттады. Баға өсімі бойынша ең тұрақты сегмент — такси қызметі: баға бар болғаны 10%-ға ғана артты.

Қызмет көрсету саласындағы тағы бір атап өтерлік сегмент — сақтандыру. Бұл бағытта бағалар бір жылда небәрі 3,5%-ға өсті. Сондай-ақ жерлеу рәсімдері мен нотариалдық қызметтер құны бар болғаны 6–7%-ға қымбаттады.

Осылайша, қазақстандық отбасылардың бюджетіне ең аз салмақ түсіретін салалар — көлік (такси, автобустар және ұшақты қоса алғанда), сақтандыру, жерлеу рәсімдері мен нотариат.

Сегменттер бойынша толық ақпаратты және олардың ішкі құрылымын кестеден көруге болады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -