Түркістан облысында суару және дренаж жүйелерін реконструкциялау бойынша үш жоба 90%-ға аяқталды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Дүниежүзілік банктің қолдауымен Түркістан облысында суару және дренаж жүйелерін реконструкциялауға бағытталған үш жоба аяқталуға жақын. Бүгінде олардың 90%-дан астамы орындалды.
Атап айтқанда, Мақтаарал ауданындағы «Мақтаарал-1» суару-дренаж жүйесінің бірінші іске қосу кешенін қалпына келтіру жұмыстары 90%-ға орындалды. Жобаны іске асыру 8 мың га егіс алқабын сумен жабдықтауды жақсартады. Ал «Мақтаарал-1» жүйесінің екінші іске қосу кешенінің реконструкциясы ауданның 16 447 гектар жеріне су жеткізуді жақсартады. Бұл жоба 93%-ға аяқталды.
Түркістан қаласындағы «Арыс-Түркістан-1» суару-дренаж жүйесін қалпына келтіру 92%-ға орындалды. Жоба 10 мың гектар жерді сумен қамтамасыз етуді жақсартуға арналған.
Үш нысандағы жұмыстарды жыл соңына дейін толық аяқтау жоспарланып отыр. Сонымен қатар суару және дренаж жүйелерін реконструкциялау жұмыстары Алматы, Жамбыл және Қызылорда облыстарында да жүргізіліп жатыр.
«Бүгінде Жамбыл облысында 10 мың гектар егістік алқапты сумен қамтамасыз ететін екі нысан іске қосылды. Қызылорда облысында 15,1 мың гектар жерді сумен қамтамасыз ететін нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды. Оңтүстік өңірлерде жүзеге асырылып жатқан бұл жоба қазірдің өзінде 74,5 мың гектар жердің сумен жабдықтауын жақсартып, суару желілеріндегі су шығынын жылына 193 млн текше метрге дейін азайтуға мүмкіндік берді» Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов