Қазақстандық лоукостер FlyArystan және Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы ерекше қажеттіліктері бар балаларға – «Особые праздники» қоғамдық қорының қамқорлығындағы балаларға арналған экскурсия өткізді. Іс-шара Астана күніне орай әуежайдың техникалық ангарында өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Экскурсияға 15 бала және олардың ата-аналары қатысты. Қонақтар ұшақтарға техникалық қызмет көрсету мен рейске дайындау жүргізілетін ангарда болып, ұшақтың құрылымымен танысты, ұшқыштар кабинасына кіріп, авиациялық инженерлер мен техникалық қызметкерлердің жұмысымен танысты. Сондай-ақ, балалар мен ата-аналар әуе саласына қатысты қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандықтар туралы көбірек білуге мүмкіндік алды.
Іс-шараның басты мақсаты – қатысушыларды авиация әлемімен таныстыру, олардың таным көкжиегін кеңейту және салада инклюзивтік құндылықтарын ілгерілету.
FlyArystan әлеуметтік бастамаларды қолдауды жалғастырып келеді және қайырымдылық ұйымдарымен серіктестікті дамыту арқылы барлық санаттағы азаматтар үшін қолжетімді орта құруға үлес қосуда. Бұған дейін әуекомпаниясы ата-ана қамқорлығынсыз қалған сал ауруына шалдыққан балаларға кешенді оңалту көмегін көрсетуге бағытталған «Үміт» әлеуметтік жобасын іске асыру үшін «Территория Успеха» қоғамдық бірлестігіне қаржылық қолдау көрсеткен болатын. Сондай-ақ, әуекомпанияда І топтағы мүгедектігі бар азаматтар мен оларды алып жүретін бір тұлға үшін 50% жеңілдік қарастырылған Komek бағдарламасы тұрақты негізде жұмыс істейді.