Биылғы жылдың сәуір айынан бастап кеден бекеттері мен кедендік ресімдеу орталықтарында енгізілген «қызыл түйме» механизмі кері байланысты қамтамасыз ету мен жергілікті жерлердегі проблемалық мәселелерді жедел шешу тұрғысынан жоғары тиімділігін көрсетті, деп хабарлайды DKnews.kz.
ҚР МКК баспасөз қызметі
Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті адамға бағдарланған тәсілді кеңейтіп, салық салу саласындағы мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру бойынша жұмысты жалғастыруда.
Аталған мақсатта барлық мемлекеттік кірістер органдарында «қызыл түйме» - QR-код орналастырылған. Оны сканерлеу арқылы салық төлеушілер нақты проблемалық жағдайды көрсете отырып, Мемлекеттік кірістер комитетінің Төрағасына тікелей жүгіну мүмкіндігіне ие болады.
Маңызды ескерту: «қызыл түйме» тек салықтық және кедендік қызметтерді алу барысында туындайтын қиындықтар жөніндегі хабарламалар үшін арналған. Бұл механизм қызметкерлер тарапынан жіберілген теріс қылықтарды, құқықбұзушылықтарды немесе адал емес әрекеттерді анықтауға және алдын алуға бағытталған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың бір бөлігі болып табылады.
Өтініш нысаны қарапайым және интуитивті түрде түсінікті, оны бірнеше минут ішінде толтыруға болады. Қажет болған жағдайда өтінішті анонимді түрде де қалдыруға болады.
Біз азаматтармен және бизнес-қоғамдастықпен ашық әрі адал диалог орнатуға ұмтыламыз. Әрбір келіп түскен өтініш қысқа мерзімде қаралып, тиісті шаралар қабылданатын болады.
Мемлекеттік қызметтерді алу кезінде кедергілерге немесе сапасыз қызмет көрсетуге тап болған азаматтарды осы мүмкіндікті пайдалануға шақырамыз.
Сіздің дауысыңыз салықтық және кедендік әкімшілендіру жүйесінің тиімді, ашық және клиентке бағдарланған болуына ықпал ететін маңызды құрал. Мемлекет пен қоғамның бірлескен күш-жігері ғана қызмет көрсету сапасын арттырып, сенім деңгейін көтере алады.