Жаңаөзен қаласындағы №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде Ұлттық ұланның “Батыс” өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдер арасында самбо күресінен біріншілік өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Дәстүрлі турнирді 5548 әскери бөлімі ұйымдастырды.
Жарыстың мақсаты – әскери қызметшілер арасында салауатты өмір салтын насихаттау, дене дайындығы мен спорттық шеберлікті арттыру, жауынгерлік рухты нығайту. Ашылу салтанатына Жаңаөзен қаласы әкімінің міндетін атқарушы Жанабай Аймағанбетов, “Батыс” өңірлік қолбасшылығының дене дайындығы және спорт бастығы подполковник Бахтияр Қалдыбеков, сондай-ақ 5548 әскери бөлімінің командирі подполковник Марат Нұрмуратов қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Турнирге өңірлік қолбасшылыққа қарасты 5517 (Орал), 5546 (Атырау), 6655 (Ақтөбе), 6656 және 3502 (Ақтау), сондай-ақ 5548 (Жаңаөзен) әскери бөлімдерінің спортшылары қатысты. Жоғары деңгейде өткен жарыста жауынгерлер өздерінің мықтылығын, төзімділігі мен шеберлігін сынға салды.
Бәсекенің қорытындысы бойынша командалық есепте:
- I орын — 6655 әскери бөлімі (Ақтөбе қаласы)
- II орын — 6656 әскери бөлімі (Ақтау қаласы)
- III орын — 5517 әскери бөлімі (Орал қаласы)
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы алғыс хаттармен және марапаттармен марапатталды.
Ендігі кезекте жеңімпаз атанған спортшылар Ұлттық ұлан біріншілігінде “Батыс” өңірлік қолбасшылығының намысын қорғайтын болады.