Алматы №4 қалалық клиникалық ауруханасының дәрігерлері 64 жастағы пациентке тізе буынына толық ревизиялық эндопротездеу отасын сәтті жасап шықты. Бұл жағдайдың ерекшелігі - науқасқа жүрек қызметін қолдайтын құрылғы орнатылған, яғни ол жасанды жүрекпен өмір сүріп жүр, деп хабарлайды DKnews.kz.
Анатолий иығына ілген қара шағын сөмкесін көрсетіп, онда жасанды жүректің батареялары сақталатынын айтты. Сөмкеден шыққан электр сымы киімінің астымен жүрек тұсына кетеді - дәл сол жерде жүрек жұмысын реттейтін құрылғы орналасқан.
«Міне, осындай жүйелік контроллер орнатылған, ол жүректен дерек жинайды. Жүрек тұсында (көрсетіп) кішкентай компьютер тұр, сол контроллерге ақпарат жібереді. Бір келі батареяны үнемі өзіммен бірге алып жүремін. Үш жылдан асты - бастысы, тірімін!», - дейді Анатолий Кузнецов.
Оған 20 жылдан астам уақыт бұрын жүректің ишемиялық ауруы диагнозы қойылған. Кейін инфаркт және бірнеше күрделі отадан өтті. 2022 жылы елордалық кардиохирургтер оған аорталық қақпақшаның биологиялық протезін және сол жақ қарыншаны қолдайтын имплант орнатып берді. Мұндай құрылғымен өмір сүретін адамға күн сайын жаяу жүру ауадай қажет. Алайда Анатолийдің оң жақ тізесі қатты ауыратын.
«_Жүрегі ауыр науқас ретінде күн сайын кемі 4 шақырым жаяу жүруім керек. Қозғалыссыз қалсам, жағдайым нашарлай береді. Тіземе ота жасай алатын дәрігер іздедім. Түрлі консилиум өтті, бірақ бәрі бас тартып жатты. Бір жылдан астам уақыт тек отаға алатын дәрігерді іздеумен өттi. Содан Алматы №4 қалалық ауруханаға келіп, Манарбек Ғазизұлына жолықтым. Ол ота жасауға келісім берді. Реаниматологпен бірге мені қарап жүрген елордалық кардиологтармен бірлесе әрекет етті. Маусымның 19-ында ота жасалды. Бұл өте күрделі отаның бірі болды, өйткені мен үнемі қанның ұюын болдырмайтын дәрі-дәрмек ішемін - ол мотордың жұмысы үшін қажет. Дәрігерлер қан кету қаупінен қорықты. Бірақ бәрі сәтті өтті: көп қан жоғалтпадым, жағдайым жақсы. Отадан бері он күнге жуық уақыт өтті - жүре бастадым. Толық сауығу үшін әлі де уақыт керек. Ұзақ уақыт төсекте жатқаннан кейін ақыры өз бетіммен қозғала бастадым. Дәрігерлерге рақмет! №4 аурухананың бүкіл ұжымына алғысым шексіз. Мұндағы мамандар - нағыз алтын қолды адамдар», - деп ризашылығын білдірді Анатолий Кузнецов.
Науқас №4 қалалық клиникалық ауруханаға тізе буынына бұрын орнатылған эндопротез компоненттерінің ауыруы мен тұрақсыздығына байланысты жүгінген. Аурухана мамандары бұл жолы да күрделі жағдайды еңсеріп шықты.
«Басты қиындық - оның қатар жүретін ауыр патологиялары болды: MyVal аорталық қақпақша биопротезі, созылмалы жүрек жеткіліксіздігі, артериялық гипертензия, бауыр мен бүйрек қызметінің бұзылыстары және басқа да бірқатар күрделі аурулар. Ота алдында толық клиникалық және зертханалық тексеру, мультидисциплинарлық дайындық жүргізілді. Нәтижесінде ота сәтті өтті. Ерте оңалту кезеңінде пациент тәулік бойы АРҚТБ-де бақылауда болды. Келесі күні-ақ белсенді оңалту басталды. Бүгін ол ауруханадан үйге шықты, жағдайы жақсы, күн сайын өзін жақсы сезіне бастағанын айтады», - дейді Алматы №4 қалалық клиникалық ауруханасы эндопротездеу бөлімшесінің меңгерушісі Манарбек Аубакиров.
Хирургиялық отаны травматология-ортопедия бөлімшесінің меңгерушісі, жоғары санатты ортопед-дәрігер М.Аубакиров жасаса, анестезиологиялық сүйемелдеуді АРҚТБ меңгерушісі, жоғары санатты дәрігер Ж. Дәулетбеков қамтамасыз етті. Емдеуші дәрігер ретінде ортопед-травматолог Ж.Орозхан болды. Бұл жағдай - аса жоғары хирургиялық қауіпке қарамастан алматылық мамандар командасының үйлесімді жұмысының айқын үлгісі.
«Жасанды жүрекпен өмір сүру - мүлде бөлек жағдай. Күйеуім суға түсе алмайды, жуынуы - тек дымқыл шүберекпен сүртіну. Құрылғының шлангі бар, күн сайын таңғыш ауыстырамыз. Күндіз иығынан сөмке түспейді, түнде - стационарлық құрылғыға жалғанады. Бір жарым жыл бойы тізе ауруынан қатты қиналды. Балдақпен әрең жүретін. Жата берген соң көз алдымда қартая бастады. Біз бармаған жер қалмады - бәрі қорқып, бас тартты. Бар болғаны 1% мүмкіндік берді. Бірақ біз тәуекелге бел будық. Дәрігерлерге: “Біз сіздерге сенеміз!” - дедік. Өз басым оларға 100% сенімді болдым. Жолдасым аман қалатынын білдім», - дейді науқастың жұбайы Ольга Кузнецова.