BYD Алматыда электр автобустар шығара бастайды

1507
Фотосурет: Gov

Алматы әкімдігінде қала әкімі Дархан Сатыбалды мен Орталық Азия өңірі бойынша BYD компаниясының басқарушы директоры Айван Цаомен кездесті, деп хабарлайды DKnews.kz.

Кездесудің негізгі тақырыбы Түрксіб ауданында орналасқан «Астана Моторс» коммерциялық техника зауыты базасында BYD электробустары өндірісін жолға қою мәселесі болды.

Жоба аясында ірі торапты құрастырудан бастап, дәнекерлеу, шанақ бояу және қосалқы бөлшектерді дайындау сынды өндірісте жергілікті үлес кезең-кезеңімен артады. Бұл экологиялық таза әрі энергия үнемдейтін көлік түріне басымдық бере отырып, қалалық көлік инфрақұрылымын жаңғыртудағы маңызды қадам болмақ.

BYD Қазақстанда басты өнімі – B12 маркалы электр автобусы өндірісін іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл үлгі көлік шассиіне орнатылған Blade аккумуляторлық батареясымен жабдықталған. Мұндай техникалық шешім автобусқа қосымша беріктік пен қауіпсіздік беріп қана қоймай, жүріс қашықтығын арттырып, энергия тұтынуын едәуір азайтады. Blade Battery әлемдегі ең қауіпсіз аккумуляторлардың бірі ретінде танылған, оған 10 жылға дейін кепілдік беріледі.

«Экологиялық таза көлік түрлерін дамыту – Алматының стратегиялық басымдығы. Электробус өндірісінің жергілікті деңгейде іске қосылуы ауаға шығатын зиянды заттарды азайтып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, қаланың өндірістік әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді» Дархан Сатыбалды

Ресми дерекке сәйкес, бүгінде BYD компаниясы 110 мыңнан астам электр автобусын өндіріп, әлемнің 400-ге жуық қаласына жеткізген. Олардың қатарында АҚШ, Еуропа, Азия, Латын Америкасы мен Африка елдері бар. Қытайлық өндіруші үшін Орталық Азия өңірі, оның ішінде Қазақстанның қолайлы инвестициялық ахуалы мен экологиялық бастамаларға деген сұранысы үлкен қызығушылық тудырып отыр.

Алматыда BYD электробустарын өндіру еліміздің жасыл экономиканы дамыту мен тұрақты қалалық көлік жүйесін қалыптастыру жөніндегі стратегиялық мақсатын жүзеге асыру жолындағы маңызды қадам болмақ.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -