Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Шардара топтық су құбырының құрылысымен танысты, деп хабарлайды DKnews.kz.
Жоба 38 мың адамды сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Топтық су құбыры Шардара қаласын толық қамтамасыз етеді. Құрылыс жұмыстары биыл ақпан айында басталды. Бүгінде жалпы ұзындығы 76 шақырым болатын екі қатар құбырдың 26 шақырымы төселген.
«Бұл - өте маңызды жоба. Сол себепті құрылыс қарқынын күшейту қажет. Нысанды мерзімінен кешіктірмей қолданысқа беру керек» Деді министр Нұржан Нұржігітов
Ведомство басшысы Отырар ауданындағы «Қызылту» су сорғы станциясына барды. Нысан су тапшылығы кезінде Сырдария өзеніне қосымша су жеткізеді. Келесі жылы станцияның су сорғылары ауыстырылады.
Сондай-ақ биыл Д. Алтынбеков атындағы магистралдық каналдар жүйесінің 12 шақырымын реконструкциялау жоспарланып отыр. Канал 10 мың гектарға жуық егіс алқабын суармалы сумен қамтамасыз етеді.