Елордадағы Орталық саябақта қайта өңделген пластиктен жасалған алып мысық мүсіні пайда болды.
Арт-нысан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында, Қала күніне арналған «Мерекелік саябақ» отбасылық фестивалі кезінде жасалды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Эко-Мысықты суретшілер, волонтерлер және фестиваль қонақтары бірігіп құрастырды. Әр адам өзімен бірге пластик әкеліп, оны арт-нысанның құйрығына жапсыра алды. Инсталляцияның мақсаты — қалалық саябақты безендіру ғана емес, сонымен қатар қалдықтарды қайта өңдеудің және табиғи ресурстарға ұқыпты қараудың маңыздылығын еске салу.
«Бұл жай ғана көрме емес, бұл — әркім өзгерістің бір бөлігі бола алатын тұрақты қаланың тұтас үлгісі. Көрме мен экобастама өнер мен экологияның қатар жұмыс істей алатынын көрсетті. Қала тұрғындары мен қонақтары кеңістікті сұлулық, мағына және игі энергия арқылы түрлендіруге қатысуға ниетті және дайын екенін байқадық. Қонақтар біздің шеберлік сабақтарымызға белсенді қатысты, қалдықтарды сұрыптауға қызығушылық танытты. Жалпы алғанда, қазақстандықтар экология мәселесінде бұрынғыдан да саналы бола бастағанын айтуға болады», — деді экотренер Мариям Қасымова.
«Мерекелік саябақ» фестивалінің ұйымдастырушылары мазмұнды бағдарлама дайындаған. Түрлі тақырыптық аймақтар жұмыс істеп, олардың әрқайсысы бүкіл отбасыға арналған қызықты шараларға толы болды.
Қонақтар қазақ тіліндегі мультфильмдер мен фильмдерді ашық аспан астындағы кинотеатрда тамашалады, балаларға арналған арт-аймақта шығармашылық шеберлік сабақтарына қатысты, қыштан бұйым жасау өнерін байқап көрді, сондай-ақ суретшілер, дизайнерлер және қолөнершілер көрмелерінен ләззат алды.
Кішкентай көрермендер театрландырылған қойылымдарды қызыға тамашаласа, белсенді қонақтар спорттық және ойын-сауық бағдарламаларға қатысты.
«Маған Мысыққа қақпақ жапсыру қатты ұнады! Ол түрлі түсті, жарқын әрі күлкілі болып шықты. Мен қайта өңделген материалдан осындай әдемі Мысық жасауға болатынын күтпеген едім. Бүгін біз отбасымызбен жақсы демалдық, түрлі шараларға қатыстық, фестивальден тамаша әсер алдық», — деп бөлісті 9 жастағы астаналық тұрғын Әлібек Қазбаев.
Фестивальдің жарқын финалына жас орындаушылардың концерттері мен фаер-шоу (отты шоу) көрермендерге ерекше әсер сыйлады.