Елордадағы Ә. Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театрында «Армандар орындалады» атты спектакльдің премьера алдындағы көрсетілімі өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қойылым Қала күніне орай және Жұмысшы мамандықтар жылы аясында сахналанды, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Спектакльдің авторы әрі режиссері – Нұржігіт Мүсілімов.
Қойылым кейіпкерлері – агроном, сантехник, электрик, мұғалім, бағдарламашы, құрылысшы, дәрігер, аспаз, даяшы қыз және еңбек қауіпсіздігі инженері.
Режиссердің ойы бойынша, олар барлығы бір жатақханада тұрады – бұл қоғамның шағын моделі іспетті, мұнда әркім өз рөлін атқарады. Барлығын үйлестіріп, байланыстырушы тұлға ретінде комендант Айжан бейнеленеді.
Басты кейіпкер – өзінің болашақ мамандығын таңдай алмай жүрген жас жігіт Дархан. Қойылым барысында кейіпкерлер сахнадан өз мамандығына қалай келгенін әңгімелейді.
«Бұл идея осыдан үш-төрт жыл бұрын көркемдік жетекші Тұрсынбек Қабатовтан туған еді. Бірақ оны жүзеге асыру Жұмысшы мамандықтар жылы аясында биыл ғана мүмкін болды. Мақсат – еңбек адамының бейнесін насихаттау, олардың қандай мақсатпен, не үшін жұмыс істейтінін көрсету. Өйткені мұғалім, дәрігер, сантехник, электрик, құрылысшы немесе аспаз болсын – барлығы да қоғам үшін өте қажет мамандық иелері», – деді Нұржігіт Мүсілімов.
Қойылымның ерекшелігі – әртүрлі мамандық иелері сахнада өздерін сомдады. Олардың қатарында Астанадағы №85 мектеп-лицейінің мұғалімдері, дәрігер-интерн, даяшы қыз, бағдарламашы және электрик бар. Оларға төрт кәсіби актер көмектесті.
«Әр кейіпкердің жеке монологы болды – ол өзіне мұғалім, аспаз немесе сантехник болудың маңызын айтып берді. Біз сол мамандықтың иесі ғана өз жұмысының мәнін, ауыртпалығы мен қуанышын көрерменге жеткізе алады деп ойладық. Сондықтан кастинг жариялап, іріктеуден өткен адамдардың мамандығына сүйене отырып, сценарий жаздық. Мақсатымыз – олардың күнделікті еңбегін көрсету арқылы құрмет білдіру еді», – деді режиссер.
Купидон рөлін Ерхат Жеңісбек ойнады. Ол – Астана медицина университетінің студенті. Дәрігер-интерн бола тұра, бала күнінен актер болуды армандаған. Бүгінде оның арманы орындалды.
«Бұл – менің шығармашылық жолымның бастауы деп үміттенемін. Кастинг болып жатқанын кездейсоқ көріп қалдым да, қатысып көрдім. Содан кейін сахнаға шықтым. Яғни көптен бергі арманым орындалды. Дайындық, декорация, сахна – бәрі өте жоғары деңгейде болды. Сахнада ойнау, ән айту – бәрі де ерекше толқынысты сәттер. Біз – кәсіби актер емеспіз, әрқайсымыздың негізгі жұмысымыз бар. Бірақ режиссердің арқасында осындай ерекше қойылым дүниеге келді. Әр мамандықтың маңызын жеткізе алдық деп сенемін», – деді ол.