Солтүстік Қазақстан облысындағы инфрақұрылым мәселелері

1364
Фотосурет: Сенаттың Баспасөз қызметі

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Ольга Перепечина мен Әсем Рахметова Солтүстік Қазақстан облысының Уәлиханов ауданында болды. Сенаторлар өңір тұрғындарымен кездесіп, инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалардың жүзеге асу барысымен танысты, деп хабарлайды DKnews.kz.

Сенаторлардың сапары Кішкенекөл мен Ақтүйесай ауылдарын байланыстыратын республикалық А-13 автожолының жағдайын көруден басталды. Жолдың осы учаскесінің жағдайы нашар, жөндеу жұмыстары қаржыландырудың жоқтығынан тоқтап тұр. Депутаттар жол инфрақұрылымын қалпына келтірудің маңыздылығын атап өтіп, бұл мәселені республикалық бюджетті жасақтау кезінде назар аударылатынын жеткізді.

Сенаторлар Ақтүйесай ауылында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттің жұмысымен танысып, медицина қызметкерлерімен кездесті. Нысан құрамында қаралу, егу және ем алу кабинеттері, күндізгі стационар, жалпы практика және «Дені сау бала» кабинеттері бар.

«Ауылдық елді мекендерде медициналық көмектің қолжетімділігі – бұл әлеуметтік теңдіктің ғана емес, мемлекеттің даму деңгейінің де маңызды көрсеткіші. Біздің мақсатымыз – ауылдағы өмір сүру жағдайын жақсарту. Бұл – мектеп, аурухана, жол және таза ауызсуға қолжетімділік», – деп атап өтті Ольга Перепечина.

Бидайық ауылында сенаторлар өткен жылы пайдалануға берілген су сорғы стансасын аралады. Ауыл тұрғындарымен кездесуде азаматтардың өтініштері тыңдалып, өзекті мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, электр желісінің тозуына байланысты электр қуатының жиі өшуі, жер ресурстарын тиімсіз пайдалану, сондай-ақ ұялы байланыс сапасының төмендігі тұрғындарды алаңдатып отыр.

«Электрмен жабдықтаудағы жиі үзілістер бізді қатты алаңдатады. Біз желілерді жаңғырту, тариф саясатын жетілдіру және қызмет сапасын арттыру қажеттігін талап етеміз. Бұл мәселелер жеке бақылауға алынып, жақын арада шешімін табатын болады», – деді Әсем Рахметова.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -