Астана әуежайында валюта тәртібін бұзған азамат ұсталды, деп хабарлайды DKnews.kz.
2025 жылғы 26 маусымда Астана қаласының "Нұрсұлтан Назарбаев" халықаралық әуежайында "Астана — Стамбул" бағыты бойынша ұшатын халықаралық рейсте кедендік бақылаудан өту кезінде ҚР-дан ақша қаражатын заңсыз әкету әрекеті тоқтатылды.
Азамат кедендік бақылаудан өту кезінде қолда бар қаражат туралы мәлімдемеген, сол арқылы оларды декларациялау жөніндегі белгіленген міндетті орындамаған.
Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері, әуежайдың авиациялық қауіпсіздік қызметімен (АҚҚ) бірлесіп жүзеге асырған рентген-телевизиялық қондырғыны қолдана отырып, багажды тексеру барысында сомасы міндетті декларациялауға жататын белгіленген шектен асатын 200 000 Еуро (120 млн.теңге) шетел валютасында қолма-қол қаражат анықталды.
Осы факті бойынша материалдар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес қарастырып шешім қабылдау үшін, Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаментіне жолданды.
Сонымен қатар, ағымдағы жылдың басынан бастап 280 млн теңге сомасына қолма-қол ақша қаражатын заңсыз әкетудің 29 фактісі анықталды, олардың ішінде Сот шешімімен 78 млн теңге тәркіленіп, 19 млн теңге айыппұл салынды.
Астана қаласы бойынша МКД Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес 10 000 АҚШ доллары баламасынан асатын сомадағы қолма-қол шетел валютасы мен ақша құралдарын, сондай-ақ алтын құймаларды шығаруға тыйым салынғанын еске салады.