Шымкент қаласында әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытында бірқатар маңызды жобалар іске асырылуда. Қазіргі таңда қала аумағында білім беру, мәдениет, спорт, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамтамасыз ету, төтенше жағдайлар және мемлекеттік органдарға арналған нысандардың құрылысы мен жобалау-сметалық құжаттамаларының әзірленуі қарқынды жүргізілуде, деп хабарлайды DKnews.kz.
Білім беру саласы бойынша 17 нысанның құрылысы жоспарланған. Оның ішінде 7 нысан – жаңа құрылыс, ал 10 нысан – күрделі жөндеуден өтуде. Жаңа құрылыстар қатарына №19, №16, №50 мектептерге қосымша ғимараттар, Тельман тұрғын алабында 1200 орындық мектеп, Тұран шағынауданында екі оқушылар сарайы (500 орын), С.Рахимов атындағы мектеп және Сайрам колледжінің жатақхана құрылысы кіреді. Аталған 7 нысанның 5-і жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. Оның ішінде Тельмандағы мектеп, №19 және №50 мектептерге қосымша ғимараттар, С.Рахимов мектебі мен Сайрам колледжінің жатақханасы бар. Тұран шағынауданындағы оқушылар сарайының бірі биылғы ақпан айында пайдалануға берілді. Ал №16 мектепке қосымша ғимараттың құрылысы 2026 жылға өтпелі.
Күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан 10 нысанға №10, 26, 13, 9, 99, 75, 108, 1, 109 мектептер мен №97 балабақша кіреді. Бұл нысандардағы жөндеу жұмыстары жыл соңына дейін толық аяқталады деп жоспарлануда. Сонымен қатар, 9 білім беру нысаны бойынша (№25, 41, 53, 66, 68, 82, 116, 121, 122 мектептер) қосымша ғимараттар салу үшін жобалау-сметалық құжаттамалар дайындалды.
"Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында Шымкент қаласында 12 мектептің (17 300 орын) құрылысы жүргізіліп, оның ішінде 11 мектептің құрылысы аяқталды. Қалған бір мектеп (Таскен шағынауданы) ағымдағы жылдың үшінші тоқсанында пайдалануға беріледі.
Мәдениет және спорт саласы бойынша да ілгерілеу байқалады. Бәйдібек би көшесіндегі №115/1 ғимаратты қайта құру арқылы 1 мәдениет нысанының құрылысы жүргізілуде. Бұл нысанның құрылысы да биыл аяқталады. Сонымен қатар, №15 спорт мектебінің құрылысы ақпан айында аяқталып, пайдалануға берілді.
Қазіргі таңда 4 спорт жобасының жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Олар: Тұран шағынауданындағы көпфункционалды теннис орталығы, №1 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің ғимаратын қайта құру, паралимпиада және сурдлимпиадаға арналған спорт нысаны, сондай-ақ 35 000 орындық стадион құрылысы.
Абаттандыру бағытында Шымсити шағынауданындағы жалпы ауданы 27,3 гектарды құрайтын саябақ құрылысы жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары биыл аяқталады. Бұдан бөлек, Тұран шағынауданында этносаябақ құрылысына қатысты жобалау-сметалық құжаттама дайындалуда.
Әлеуметтік қамтамасыз ету саласында 3 нысанның құрылысы жүргізілуде. Олар: «№1 арнаулы қызметтер көрсету орталығының» қосымша 50 орындық ғимараты, «№6 балалар арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының» ғимаратын күрделі жөндеу және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған 150 орындық оңалту орталығы. Бірінші екі нысанның құрылысы ағымдағы жылы аяқталады, ал оңалту орталығының құрылысы 2026 жылға өтпелі. Сонымен қатар, «Мейірім» оңалту орталығы жобасының ЖСҚ әзірленуде.
Денсаулық сақтау саласы бойынша Қан орталығы мекемесіне қосымша ғимарат салу және қалалық диагностикалық орталық ғимаратын кеңейту жоспарланған. Бұдан бөлек, Ақжайық шағынауданында 200 орындық перинаталдық орталық пен Нұрсат шағынауданындағы перинаталдық орталыққа қосымша корпус салу бойынша жобалау-сметалық құжаттамалар әзірленіп жатыр.
Төтенше жағдайлар қызметі үшін 6 нысанның құрылысы жоспарланған. Олар Тұран шағынауданындағы 4 көлікке арналған өрт сөндіру депосы және Таскен, Жаңаталап, Елтай, Сәуле, Бозарық-3 шағынаудандарындағы жедел қызмет көрсету орталықтары. Барлық нысандардың құрылысы биыл аяқталады. Сонымен қатар, 6 жоба бойынша ЖСҚ әзірленуде (Қайнарбұлақ жедел құтқару кешені, Ынтымақ, Базарқақпа, Қайнарбұлақ, Шымсити және Ақжар шағынаудандарындағы жедел қызмет көрсету орталықтары).
Мемлекеттік органдарға арналған 2 нысанның құрылысы жүргізілуде: әкімшілік-іскерлік орталықта және Қазбек би көшесі №36 мекенжайда орналасқан әкімшілік ғимараттар. Бұл нысандардың құрылысы да биыл аяқталады. Сонымен қатар, А.Байтұрсынов көшесі №7а, Майлықожа көшесі №5 мекенжайларындағы және сот сараптама орталығы ғимараттары бойынша жобалау-сметалық құжаттамалар әзірленіп жатыр.
Жалпы алғанда, Шымкент қаласында әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Жоспарланған құрылыс және жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін қала тұрғындарының өмір сүру сапасы айтарлықтай артады деп күтілуде.