Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Банктік қызметтерді көрсету және банктердің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың банктік қызметтерді көрсету үдерісінде туындайтын клиенттердің өтініштерін қарау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2017 жылғы 28 шілдедегі № 136 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Агенттік Басқармасы қаулысының жобасын (Қаулы жобасы) әзірледі, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қаулы жобасы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын дамыту, қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау, байланыс және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңды іске асыру үшін әзірленді.
Жобада:
- банктердің мүгедектігі бар адамдарға және халықтың жүріп-тұруы шектеулі басқа да топтарына қызметтер көрсету бойынша қаржы ұйымдары бөлімшелерінің қолжетімділігі жөніндегі ұлттық стандарттың талаптарын ескере отырып, мүгедектігі бар адамдарға және халықтың жүріп-тұруы шектеулі басқа да топтарына қызметтер көрсету тәртібін айқындауы;
- банктің интернет-ресурсында банктік қарыз бойынша ай сайынғы төлемдерді есептеуге арналған калькуляторды орналастыру;
- төлемдер мен аударымдар бойынша тарифтер көтерілгенге дейін 3 ай бұрын оларды арттыру туралы клиенттерді хабардар ету талабы;
- клиенттердің жолданымдарын қарау мерзімдерін айқындау сияқты бақылау шараларын енгізу көзделеді.
Сондай-ақ, нормативтік құқықтық актінің атауына редакциялық түзетулер енгізіледі.
Қаулы жобасының толық мәтінімен «Ашық НҚА» интернет-порталында және Агенттіктің ресми интернет-ресурсында танысуға болады.