Өскеменде көкпаршы Ұлттық ұлан сапына қосылды

1375
Фотосурет: «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

Ұлттық  ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5518 әскери бөлімі жас толыммен толықты, деп хабарлайды DKnews.kz.

Өскемен қаласындағы әскери бөлімге Оңтүстік Қазақстан облысынан шақыртылған  мерзімді әскери қызметшілер қатарында көкпаршы Ернұр Дәуітбай да бар. Жастайынан  әккі көкпаршы әкесінің ізін басып өскен жас сарбаз бүгінде талай көкпардың көзайымына айналған. Ол 2022 жылы  Қазығұрт  ауданы құрамында өнер көрсетсе, өткен жылдан бастап Оңтүстік Қазақстан облысының көкпар федерациясының  құрамына кірген.

- Көкпарда футбол ойыны сияқты. Мұнда  да  шабандоздар шабуылшы, қорғаушы болып бөлінеді. Мен қорғаныс ойыншысы болдым. Менің  «077»  және «Президент» деген қайратты, әлі  жылқыларым  айлалы,  қайратты  әрдайым артқан сенімді ақтайтын. Марқаны тақымыңда берік ұстап,  қарсыластың  тосқауылын  бұза  жарып, қазандыққа  салым тастаудан ерекше әсер аласың,  -  дейді қатардағы жауынгер.

Атқа құмар Ернұр үшін әскерге келген алғашқы уақытта жылқы жануарынан жырақта жүру қиынға соғыпты. Алайда, Отан алдындағы борышын өткеруді парызым деп санайтын көкпаршы құқықтық тәртіп әскерінде жауынгерлік қызметін жоғары дәрежеде атқаруға бек кіріскен.  Қатардағы жауынгер бір жыл көлемінде Ұлттық ұлан сапында Өскемен қаласының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін болады. Айта кетейік, Ернұр көкпар ойынынан бөлек теңге  алу спортынан  жоғары нәтижелер көрсетіпті. Мәселен, Наурыз айында Шымкент қаласында өткен облыстық теңге алу спортынан жүлделі  екінші орынға ие болыпты. Қатардағы  жауынгер мерзімді әскери қызметін өткергеннен кейін жылқы шаруашылығымен айналысуды  қолға алмақ. Айта кетейік, 5518 әскери бөліміне келген жас толым Абай, Павлодар, Түркістан облыстарынан және Астана қаласынан шақыртылған.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -