Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінің Оқу пунктінде мерзімді әскери қызметін өткеріп жатқан жас сарбаздар алғашқы атыс даярлығы бойынша ату алаңына шықты. Бұл – жауынгерлік машықтың негізгі кезеңдерінің бірі болып саналатын маңызды жаттығу.
Сарбаздар ату алаңына взвод командирлерінің бақылауымен сап түзеп, атыс алдындағы нұсқаулықтан өтті. Алғашқы атыс – бұл әр сарбаз үшін тек тәжірибелік дайындық қана емес, сонымен қатар ішкі жауапкершілікті сезінетін ерекше сәт.
- Қару ұстау – үлкен сенім. Біз бұл сенімді ақтау үшін күнделікті дайындық жасап келеміз. Бүгінгі ату жаттығуында өзімді шынайы жауынгер ретінде сезіндім. Бар күшімді салып, нысанаға дәл тигізуге тырыстым, – дейді жас сарбаз қатардағы Әшім Уахитов.
Жаттығу барысында жас сарбаздар атыс кезіндегі қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтап, нұсқаушылардың барлық бұйрықтарын нақты орындады. Әскери қызметтің алғашқы апталарында қаруды бұзып-салу, техникалық сипаттамаларын меңгеру, атыс ережелері мен тактикалық дайындық негіздерін үйренген жауынгерлер бұл тәжірибені ату алаңында іс жүзінде жүзеге асыра білді.
- Бұл кезең – сарбаздың әскери өмірге бейімделуіндегі маңызды белес. Ату жаттығулары арқылы оларда сенімділік, тәртіп және жауынгерлік дайындық артады. Біз сарбаздардың белсенділігін және нұсқауларды мұқият орындауын жоғары бағалаймыз, – деді 1 оқу рота командирінің ТжӘҚЖ бойынша орынбасары аға лейтенант Дінмұхаммед Исаков.
Оқу-жаттығу нәтижелері бойынша сарбаздардың көпшілігі алғашқы атыстан-ақ жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. Ал нысанаға дәл тигізбегендерге қосымша нұсқаулықтар мен жеке дайындықтар жоспарланды. Бұл – Ұлттық ұланның жауынгерлерді жан-жақты дайындауға деген жүйелі ұстанымының бір көрінісі.
- Бүгін біз үшін ерекше күн болды. Себебі алғашқы рет ату алаңына барып, қолымызға қару ұстап, нағыз жауынгерге тән тәжірибеден өттік. Оқу пунктінде күнде жаттығып, қаруды бұзып-құрап үйреніп жүргенімізбен, бұл жолғы тапсырма – бұрынғыдан өзгеше, әлдеқайда маңызды әрі жауапты болды. Өзім алғаш рет қарудан оқ атсам да, жақсы көрсеткіштерге жеттім,- деді қатардағы Мақсат Орынбек.
Айта кету керек, 5573 әскери бөлімінде жауынгерлік даярлық қатаң күнтізбелік жоспарға сай жүргізіледі. Әрбір сарбаз тек ату шеберлігін ғана емес, сондай-ақ саптық, тактикалық, физикалық және психологиялық дайындық бағытында да кешенді түрде тәрбиеленеді.
Жас сарбаздардың алғашқы атыс жаттығуы – олардың әскери өмірге бейімделуіндегі маңызды сәттердің бірі. Бұл тәжірибе оларды одан әрі шыңдап, Отан алдындағы борышын абыроймен өтеуге бағыттайды.
Лейтенант Әйгерім Балтабаева, 5573 әскери бөлімі