Парламент Мәжілісінің депутаты Жигули Дайрабаев Ұлттық ұланның 6679 әскери бөліміне жұмыс сапарымен келді, деп хабарлайды DKnews.kz.
Жұмыс сапарының мақсаты – Павлодар қаласындағы құқықтық-тәртіп әскерінің әл-ауқатын, сондай-ақ, әскери қызметшілермен және олардың тұрмысымен, әскери бөлімдегі жағдайымен танысу болды. Депутат сапар барысында әскери бөлімнің қызметімен танысып, мерзімді әскери қызметін өтеп жатқан жас сарбаздармен кездесу өткізді.
Жарқын кездесуде Жигули Дайрабаев жиналғандарға мәжілісте атқарылып жатқан іс-шаралар, қазіргі кезде дайындалып жатқан заң жобаларының барысы, алға қойылған мақсаттар мен алдағы атқарылар жұмыстар туралы айтып өтті.
Оған қоса ел қалаулысы ел қауіпсіздігін арттыруда, әскери саланың негізгі жетістігі мен нәтижелері туралы сөз қозғады. Сонымен қатар, ол әскери бөлімнің әскери техникасы мен атыс қаруын және де жеке құрамның жабдықтарын қарап өтті. Тұрмыстық үй-жайлары мен емдеу бөлмелері бар әскери лазаретті аралап, проблемалық сұрақтарына көңіл аударды. Жүздесу барысында әскери бөлім командирі бөлімнің қазіргі жағдайы мен әскери қызметшілердің ел қорғаудағы атқарылып жатқан қызметтері туралы егжей-тегжейлі баяндап берді.
Жұмыс сапарының жеке құраммен ашық пікір алмасу болды. Кездесу барысында сарбаздар мен офицерлер өз ұсыныстары мен бастамаларын ортаға салып, оқу-жаттығу базасын жаңғырту, әскери қалашықтағы әлеуметтік-тұрмыстық жағдайды жақсарту және кадр даярлау жүйесін жетілдіру жөнінде пікірлерін білдірді. Жигули Дайрабаев көтерілген мәселелерді мұқият тыңдап, әскери қызметшілердің пікірін жоғары бағалайтынын атап өтті.