Сенат депутаты Ольга Булавкина Шығыс Қазақстан облысындағы Ұлан ауданының агроөнеркәсіп кешені мен білім беру жүйесінің және әлеуметтік инфрақұрылымының негізгі нысандарын аралады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Депутат Украинка ауылында сүт тауары фермасының қызметімен танысты. Кәсіпорын басшылығы өндіріс үдерісі мен сүтті өңдеу, мал саны мен өсудің келешегі туралы деректерді жария етті. Әңгіме барысында саланың дамуын тежейтін өзекті мәселелер, оның ішінде қаржыландыруға қолжетімділік және білікті кадрлардың тапшылығы айтылды. Донское ауылындағы «Донское агрокешені» ЖШС жылыжай кешенінің құрылыс алаңы да назардан тыс қалмады. Сенатор құрылыс барысымен, технологиялық шешімдермен және жоспарланған өндіріс көлемімен танысты.
Ольга Булавкина Саратовка ауылындағы техника саласының мамандарын даярлайтын Шығыс Қазақстан көпсалалы колледжінде болды. Сапар барысында материалдық-техникалық базаны жаңғырту, тәжірибеге негізделген бағдарламаларды енгізу және жастар арасында жұмысшы мамандықтарының тартымдылығын арттыру мәселелері талқыланды. Дуальды оқыту және колледждерді аймақ экономикасын дамытуға кіріктіру тақырыбына ерекше назар аударылды.
Сенатор сапар соңында аудан тұрғындарымен кездесу өткізді. Оның барысында ауыл тұрғындарын әлеуметтік қолдау, инфрақұрылымның қолжетімділігі, білім беру сапасы, денсаулық сақтау және ауылдық аумақтарды дамытудың келешегі қозғалды.
«Кездесуде айтылған барлық өтініштер назарға алынып, тиісті мекемелерге жіберіледі. Ауылды жүйелі дамыту адамдарды ортақ іске тарту мен олардың бастамаларынан басталады», - деп атап өтті Ольга Булавкина.