Абайдың 180 жылдығына арналған іс-шаралар 1 тамыздан басталады

1452
Фотосурет: Абай облысының әкімдігі

Абайдың 180 жылдығы 1-10 тамыз аралығында 10 күн атап өтіледі, деп хабарлайды DKnews.kz.

Ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойына арналған халықаралық, республикалық және өңірлік деңгейде 100-ден астам ауқымды іс-шараны қамтитын кешенді жоспар бекітілді. Бүгін өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Абай облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Жанжігіт Омархан, Абай ауданының әкімі Мейіржан Смағұлов, Семей қаласы әкімінің міндетін атқарушы Бекжан Бапышев мерейтойға арналған онкүндіктің бағдарламасымен таныстырды.

"Ауқымды бағдарлама 1 тамыз күні «ABAY ACADEMIYASY» энциклопедиялық порталының ашылуымен басталады. Бұл бірегей платформа ақын мұрасын цифрландыру, жүйелеу және ғылыми ортаға қолжетімді етуге бағытталған. Сол күні Мақаншыдағы Алакөл жағасында Қазақстанның халық әртісі Секен Тұрысбеков пен «Ақ жауын» оркестрінің концерті өтеді. Семейдегі Арбат алаңында иллюстратор Аңсаған Мұстафаның көрмесі ашылып, «Асыл мұра» облыстық қолөнер фестивалі ұйымдастырылады"  Жанжігіт Омархан

Сонымен қатар, 2-6 тамыз аралығында Қазақстанның халық әртісі Майра Ильясованың Абайға арналған гастрольдік концерті Семейден басталып, Үржар, Аягөз, Жарма және Жаңасемей аудандарында жалғасады.
3 тамызда Абай театрында «Абай әлемі» рухани кеші өтсе, 4 тамызда Секен Тұрысбеков пен «Ақ жауын» оркестрінің қорытынды концерті ұсынылады.

5 тамызда «Ой толғау – Хәкім Абай» монооперасы сахналанады және 6 тамыз күні Абай алаңында «Абай елі – өнер кеніші» концерті мен Ә.Бөкейханов университетінде «Өлең сөздің патшасы» атты жас ақындар мүшәйрасы өтпек.

"7–9 тамыз күндері Абай мұрасын ғылыми, әдеби және мәдени тұрғыда кеңінен насихаттауға бағытталған бірқатар мазмұнды іс-шаралар өтеді. 7 тамызда халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Асқар Алтайдың шығармашылық кеші аясында «Абай жолы» энциклопедиясы мен Бағашар Тұрсынбайұлының «Абай Құнанбайұлы кім?» кітабының тұсаукесері болады. 8 тамызда Семейде «Адамзаттың Абайы» республикалық ақындар айтысы, Абай ауданында «Жеті қазына» ұлттық байқауының ашылуы өтсе, 9 тамызда Шәкәрім университетінде халықаралық ғылыми конференция, «Жидебай-Бөрілі» музейінде көрме, Абай кітапханасында кітаптар топтамасының тұсаукесері мен 15 елдің қатысуымен халықаралық ақындар фестивалі ұйымдастырылады. Кешкісін орталық алаңда «Абайға тарту» концерті өтеді" Спикер

10 тамыз – Абай күні. Бұл күні таңертең Жидебайда Құран бағышталып, құрбандық шалу рәсімінен бастау алады. Одан соң еліміздің барлық өңірінде Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі ұйымдастырылмақ.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -