Қала фонтандары – шомылу орны емес: Астанада бақылау күшейтілді

1529
Фотосурет: Gov

Ыстық күндері балалардың қалалық фонтандарда су шашып ойнап жүргенін жиі көруге болады, деп хабарлайды DKnews.kz.

Алайда олар бұл әрекеттің денсаулыққа елеулі зиян тигізуі мүмкін екенін түсіне бермейді. Фонтандарда шомылуға қатаң тыйым салынған, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Астаналық құтқарушылар фонтандарда шомылудың қаншалықты қауіпті екенін еске салды.

Механикалық жарақат алу қаупі жоғары: тегіс емес беттер, су ағындары, декоративті элементтер, сондай-ақ олардың ішіне орнатылған құбырлар мен сорғылар құлау мен жарақатқа әкелуі мүмкін. Сонымен қатар, көптеген фонтан жарықтандыру және басқа да электр жабдықтарымен жабдықталған, ал бұл тоқ соғу қаупін туындатады.

Сол себепті барлық фонтанда шомылуға тыйым салынғанын білдіретін арнайы белгілер орнатылған.

Фонтандар – қаланы көріктендіру элементтері. Олар ауаны ылғалдандыруға және эстетикалық мақсаттарға арналған. Бұл құрылғыларда суды сүзгіден өткізу және тазалау жүйелері қарастырылмаған.

«Фонтандар қоғамдық орындарда орналасқандықтан, олардың суы тез ластанады: ішіне қоқыс, жапырақ, шаң-тозаң, жәндіктер түседі. Онда қаңғыбас жануарлар мен құстар да шомылуы мүмкін, ал олар түрлі инфекциялардың тасымалдаушысы. Су – вирустар мен бактериялар үшін қолайлы орта. Ал ауа температурасының жоғары болуы микроағзалардың тез көбеюіне ықпал етеді. Сондықтан фонтанда шомылуға ғана емес, тіпті қолды немесе жеміс-жидекті жууға да болмайды. Мұндай әрекеттерді тек ауыз суға арналған арнайы орындарда ғана жасау керек», – деп ескертті Астана қаласы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхамғали Арыспаев.

Зертханалық талдаулар көрсеткендей, мұндай суларда энтеро- және ротавирустар, ішек таяқшалары, сальмонеллалар мен шигеллалар (дизентерия қоздырғыштары) сияқты жедел ішек инфекцияларын қоздыратын патогенді микроағзалар болуы мүмкін. Әсіресе бауырды зақымдайтын және оның қызметіне ауыр нұқсан келтіретін А гепатиті вирусынан сақ болу керек.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -