Эсай Моралес: қазақтар мен пуэрто-риколықтардың арасында ұқсастық көп

1991
Арман Қоржымбаев Бас редактор
Фотосурет: Comic Con Astana-2025

Comic Con Astana-2025 фестивалінің екінші күні астаналықтар мен қала қонақтары үшін жарқын оқиғаларға толы болды. Орталық Азия мен ТМД кеңістігіндегі ең ірі поп-мәдениет мерекесінде Голливуд жұлдызы Эсай Моралес, YouTube-блогер Настя Джексон, танымал стримерлер мен косплей шеберлері жанкүйерлермен жүздесті, деп хабарлайды DKnews.kz.

Фестиваль таңертең «Барыс Аренадағы» басты сахнаның ашылуымен басталды. Мұз аренасы арнайы жабынмен жабылғанымен, салқын ауа байқалып тұрды. Бірақ залдың іші ыстық эмоцияға толы болды - көрермендер сүйікті блогерлерін шаттықпен қарсы алды.

Алғашқы болып сахнаға шыққан Настя Джексон көрермендердің ықыласына бөленді. Оның YouTube арнасына жазылғандар саны 2,5 миллионға жуық. Мистика, құпиялар, тылсым оқиғалар мен жан түршігерлік видеолар - Настяның айрықша стиліне айналған. Ол тек видео түсіріп қоймайды - өзіне тартатын, тұтас атмосфера құратын дүниелер жасайды.

Мен әрдайым жазбалар жасаймын - күлкілі немесе қызықты бірдеңе көрсем, дереу түртіп аламын. Сол жазбалар кейін видео идеяға айналады. Кейде TikTok-та ерекше видео көремін де, соны зерттеп, соған арнап талдау жасап шығарамын, - деді Настя жанкүйерлерімен кездесу кезінде.

Ол болашақта арнада жаңа кейіпкер пайда болуы мүмкін екенін де жасырмады - бұл кейіпкер көпшілікке таныс Шеллимен қатар өмір сүретін болады.

Кештің келесі басты кейіпкері - Голливуд актері Эсай Моралес. Ол 40 жылдан астам шығармашылық жолын, кино әлеміндегі тәжірибесін бөлісіп, терең ойларымен тыңдарманын баурап алды. Әсіресе теріс кейіпкерді ойнаудың мәні туралы айтқаны көпшілікті ойландырды.

Жағымсыз кейіпкерді ойнау - үлкен құрмет. Өйткені көрерменге басты кейіпкердің өсуі мен күресін көрсету үшін антагонист қажет. Біз сол сынақтарды тудырамыз, - деді актер.

Сонымен қатар, Эсай Моралес қазақтар мен пуэрто-риколықтар арасында ұқсастық көп екенін айтты.

Қазақтар мен менің халқымда - отбасылық құндылықтар мен мәдениетке деген терең құрмет ұқсас. Бұл мені қатты қуантты, - деді ол жылы жымиып.

Фестиваль аясында жұлдыздар аллеясында жанкүйерлер Marmok, Yaya Han, Артём Гутковский сияқты танымал тұлғалармен де жүздесті. Олардың әрқайсысы көрерменмен жақын тілдесіп, автограф беріп, фотоға түсті.

Мастер-класс аймағы да қызу жұмыс істеді - келушілер фехтование үйреніп, тұмар жасап көріп, костюм бөлшектерін дайындап, аниме мен фильмдерді қалай дыбыстау керектігін білді.

Жәрмеңке мен авторлар аллеясында 150-ден астам отандық суретші мен қолөнер шебері өз туындыларын ұсынды. Комикс, иллюстрация, зергерлік бұйым, ағаш және былғарыдан жасалған ерекше заттар - бәрі көздің жауын алды.

Фестиваль 9-13 шілде аралығында өтеді. Биыл Comic Con Astana-2025 75 000-нан астам қонақты қабылдайды - олардың кемінде 10 000-ы шетелден келген.

Іс-шара Астана қаласы әкімдігі мен «Astana Tourism» туризмді дамыту орталығының қолдауымен ұйымдастырылған.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -