Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «Мұғалім – мектептің жүрегі». Расында да, адам баласының өмір жолына бағыт беріп, бойына білім мен тәрбие нәрін себетін – ұлағатты ұстаз. Осындай жүрегі ел деп соққан, еліне адал қызмет етіп жүрген мұғалімдердің бірі – Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, ІІІ Интернационал ауылында дүниеге келген, бүгінде республикамызға танымал ұстаз, қоғам белсендісі Байрахтарова Дильфура Бақытқызы.
Тіл – ұлттың жаны, ұстаздың нышаны
Дильфура Бақытқызы – еліміздің көпэтносты, татулығы жарасқан қоғамында өсіп, мемлекеттік тілді жетік меңгерген этнос өкілі. Қазақ тіліне деген ерекше құрметі мен ықыласы – оның тек кәсіби жетістіктерінен емес, өмірлік ұстанымынан көрініс табады. Ол қазақ тілін өз ана тіліндей еркін сөйлеп қана қоймай, ұлттық рух пен құндылықтарды дәріптеуші тұлға ретінде көпке үлгі.
Байрахтарова Дильфура – нағыз қазақстандық ұстаз. Мемлекеттік тілді меңгерудің арқасында шәкірт тәрбиесінде ғана емес, қоғамдық-саяси ортада да белсенділік танытып келеді.
Білім мен кәсіби шеберліктің үлгісі
1994 жылы Қармақшыдағы №108 мектепті үздік аттестатпен аяқтап, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің шығыстану факультетін, кейіннен тарих және география мамандығы бойынша екінші жоғары білімін қызыл дипломмен тәмамдаған.
1998 жылдан бастап өзі түлеп ұшқан мектепте ұстаздық жолын жалғастырып келеді. Қазіргі таңда – «педагог-шебер» санатындағы білікті ұстаз. Ол білім сапасын арттырумен қатар, ұлттық құндылықтарды бойға сіңіруде жаңашыл тәсілдер қолданады. Сабақтарында интерактивті әдістер, жобалық оқыту, зерттеу-талдау жұмыстары арқылы оқушылардың шығармашылығын дамытады.
Шәкірт – ұстаздың айнасы
Ұстаз еңбегінің шынайы бағасы – шәкірт жетістігімен өлшенетіні белгілі. Дильфура Бақытқызының тәрбиелеген оқушылары аудандық, облыстық, республикалық, тіпті халықаралық деңгейде түрлі пәндік олимпиадалар мен байқауларда топ жарып жүр. Әсіресе, география пәні бойынша жеткен жетістіктері ерекше – «Дарын», «Ақ бота», «Человек и природа», «Ясауи» олимпиадалары мен қашықтық байқауларда шәкірттері жүлдегер атанып келеді.
Ғылым мен әдістемені ұштастырған маман
Ол – практик қана емес, ізденімпаз зерттеуші, әдіскер ұстаз. 2018 жылы «Медициналық география» атты авторлық бағдарламасы, 2020 жылы «Орта мектептегі географияны оқытудың жалпы мәселелері» әдістемелік құралы жарық көріп, республика мұғалімдеріне тәжірибе ретінде ұсынылды.
Ұстаздың ғылыми-әдістемелік мақалалары республикалық, халықаралық журналдарда жиі жарияланып келеді. National geographic (АҚШ), «Қазақстанның білім және ғылым әлемі», «География және тарих» сынды басылымдарда жарияланған мақалалары – оның біліктілігі мен ғылыми әлеуетінің дәлелі.
Қоғамдық жұмыстардың бел ортасында
Ұстаз – білім ордасының шамшырағы болса, депутат – ел сенімін арқалаған тұлға. Байрахтарова Дильфура 2021 жылдан бастап Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты, 2023 жылдан Қармақшы аудандық мәслихатының депутаты ретінде де ел мүддесі үшін еңбек етіп келеді. Ассамблея мүшесі ретінде де этносаралық келісім мен тіл саясатын насихаттап, көпшілікті ұлттық құндылықтарға баулуда.
«Мемлекеттік тіл-этносаралық қатынас тілі» арнайы ҚХА жобасына белесене қатысушы.
Көпке үлгі болған еңбектің еленуі
Ұлағатты ұстаздың тынымсыз еңбегі елеусіз қалған емес. Ол ҚР Президентінің құрмет грамотасымен, «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен, ҚР Оқу-ағарту министрінің алғыс хатымен, Елбасының алғыс хатымен, «Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл» мерекелік медалімен, «Орта білім беру ісінің үздігі» құрмет дипломымен марапатталған.
Білім мен отбасын қатар ұстаған жан
Бір қолымен ұрпақ тәрбиелеп, бір қолымен қоғам ісіне белсене араласып жүрген Дильфура Бақытқызы – ардақты ана, сүйікті жар. Жолдасы – кәсіпкер. Үлкен қызы – дәрігер, екінші баласы – болашақ медицина маманы, кенжесі – мектеп оқушысы.
Ұлт ұстазы – ұлт болашағының айнасы. Ұлты өзге болса да, қазақ тілін, салт-дәстүрін дәріптеп, бар болмысымен қазақы рухты сіңіріп келе жатқан Байрахтарова Дильфура Бақытқызының жолы – көпке үлгі.
Тіл мен тәрбиені ту еткен, білім мен біліктілікті қатар ұстаған ұлағатты ұстаздың еңбегі – Тәуелсіз Қазақстанның баянды болашағына қосылған жарқын үлес.
Гүлнұр Бақытқызы