Ауыл шаруашылығы өндірушілері егіс көлемін жасырып, су алу барысында заңбұзушылықтарға жол бергені анықталды

1419
Фотосурет: Gov

Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Жамбыл облысы әкімдігі судың «көлеңкелі нарығына» қарсы күрес жөнінде бірлескен жоспар әзірлейді, деп хабарлайды DKnews.kz.

Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Жамбыл облысының әкімдігі судың «көлеңкелі нарығына» қарсы күрес жөнінде бірлескен іс-шаралар жоспарын әзірлеуді бастайды. Ведомство басшысы Нұржан Нұржігітов Тараз қаласында өңірдегі суару кезеңінен өту мәселелері бойынша кеңес өткізді. Суды заңсыз пайдаланумен күресуге ерекше назар аударылды.

Министрліктің жұмыс тобы облыста «Қазсушар» РМК-мен су беру бойынша келісімшарттар жасаспай 131 гектар жерді суарған фактілерді анықтады. Сондай-ақ диқандардың егіс алаңын кемітіп көрсетудің екі фактісі және су жеткізушінің келісімінсіз өсірілетін дақылды басқа түрге ауыстырудың бір фактісі анықталды.

Шу-Талас бассейндік инспекциясы өңірде заңсыз су пайдалануды тексеру мақсатында 22 тексеру жүргізді. Нәтижесінде 10 әкімшілік іс қозғалып, айыппұлдар салынды және анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар берілді. Түркістан облысының Созақ ауданында Жоғары аудиторлық палата материалы бойынша төрт адамға қатысты әкімшілік іс қозғалды. Сонымен қатар мемлекеттік инспекторлардың қызметтік міндеттерін орындауына кедергі келтіру фактісі бойынша екі әкімшілік іс сотқа жіберілді.

Сондай-ақ бассейндік инспекция 260 адам арасында су заңнамасын сақтауға және арнайы су пайдалануға рұқсат рәсімдеуге қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде биыл 70 су пайдаланушы су пайдалануға рұқсат алған, олардың 39-ы алғаш рет келісімшарт жасаған.

«Мемлекет басшысы судың «көлеңкелі нарығын» жоюды тапсырды. Ол үшін бассейндік инспекцияларға қадағалау функциялары берілді, соған сәйкес жедел ден қою шаралары қабылданады. Сондай-ақ Әкімшілік кодекске су саласындағы бұзушылықтар үшін жауапкершілікті қатаңдатуды көздейтін өзгерістер енгізілді. Сонымен қатар келісімшартсыз суды тұтынғаны үшін және су жеткізушінің келісімінсіз өсірілетін дақылдардың түрін өзгерткені үшін айыппұл санкцияларын қарастыратын ережелер қабылданды. Жамбыл облысының әкімдігімен бірлескен жұмыс біз қабылдаған шаралардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді» Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов

Осы суару кезеңінде «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалы диқандармен су беру бойынша 3858 келісім жасасты. Бүгінгі таңда 61 мың гектар егіс алқабы суарылады. 512 млн текше метр су алынды.

Вегетациялық кезеңге дайындық барысында филиал Қордай, Талас, Байзақ және Жамбыл аудандарында 28,8 км каналды механикалық жолмен тазартты. Сондай-ақ филиал қызметкерлері 123,2 км каналдарда қоқыс пен өсімдіктерді қолмен тазарту жұмыстарын жүргізді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -