Шымкентте әскери техниканы тасымалдау іс-қимылдары пысықталды

1529
Фотосурет: Шымкент гарнизонының баспасөз қызметі

Шымкент гарнизонында әскери техниканы теміржол көлігімен тасымалдау бойынша кешенді сабақтар өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.

Шымкент қаласындағы әскери қатынастар комендатурасы гарнизондағы әскери бөлімдердің жеке құрамы үшін әскери техника мен жүктерді теміржол көлігімен тасымалдау бойынша көрсетілімдік сабақтар ұйымдастырды. Сабақтың мақсаты – әскери қызметшілерді әскерді қайта орналастыру, техниканы теміржол платформалары мен вагондарда орналастыру, тиеу, тасымалдау және сақтау ережелеріне үйрету.

Сабақтың практикалық бөлігі үш оқу нүктесінде жүргізілді. Әскери комендант подполковник Асхат Аскарұлының басшылығымен жеке құрамға техниканы күзетуге тағайындалған қарауылдың міндеттері, әртүрлі жағдайларда әрекет ету тәртібі, сондай-ақ әскери жүктерді тасымалдау кезінде оларды күзетудің ерекшеліктері түсіндіріліп, көрсетілді.

Сондай-ақ комендатура офицерлері қатысушыларға жол жүру құжаттарын ресімдеу тәртібін және теміржол станцияларында аялдау ережелерін түсіндірді.

"Сабақ барысында басты назар техниканы платформаларға тиеу кезіндегі қауіпсіздік талаптарына, оны дұрыс бекіту мен жасыру ережелеріне аударылды. Мұндай сабақтар әскердің жауынгерлік даярлығын арттыруға және бөлімшелерді қайта орналастыру мен техниканы тасымалдау барысында болатын кідірістерді болдырмауға ықпал етеді. Әскери қызметшілер қажетті тәжірибе алып, барлық қызықтырған сұрақтарына жауап алды. Қойылған міндеттер толық орындалды" Подполковник Асхат Аскарұлы

Сабақ барысында автокөліктерді теміржол платформаларына және вагондарға тиеу мен түсіру, техниканы бекіту және оны бүркемелеу көрсетілді. Ерекше назар аудартқан – көшпелі қарауыл ұяшықтарының жаңартылған жабдықталуы болды. Енді ол күн панельдерімен қамтамасыз етілген, бұл үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -