Талдықорғанда 18404 әскери бөлімінің әскери қызметшілері әуе-десанттық дайындықтың ең күрделі элементтерінің бірі — суға парашютпен секіруді меңгеруге кірісті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Жаттығулар шұғыл жағдайда суға қону кезіндегі іс-қимылдарды пысықтауға бағытталған арнайы бағдарлама аясында өтуде. Сабақтар барысында әскери қызметшілер суда тез бағдар алуға, өзін-өзі құтқару құралдарын қолдануға, сүңгуге, жабдықтардан арылуға және жағаға шығуға үйренуде. Мұндай тәжірибе таулы, орманды жерлер мен ашық су айдындарында әрекет етуге тиіс десанттық-шабуылдау бөлімшелерінің жауынгерлері үшін аса маңызды.
"Суға түсу — бұл жоғары физикалық дайындық пен психологиялық төзімділікті талап ететін күрделі сынақ. Біздің міндетіміз — әскери қызметшілерді кез келген жағдайда сенімді әрі үйлесімді әрекет етуге үйрету" әуе-десанттық техника бойынша аға офицер-нұсқаушы, майор Нұржан Тантабаев
Дайындықтың соңғы кезеңі —Капшағай су қоймасына практикалық десант түсіру болады. Онда десантшылар жауынгерлік жағдайға барынша жақын ортада ашық суға секіру кезіндегі іс-қимылдарды пысықтайды.
Парашютпен дайындық «қанатты жаяу әскердің» жауынгерлік машығының негізгі бөлігі болып қала береді, ол әрбір сарбаздың төзімділігін, шапшаңдығы мен өз күшіне деген сенімділігін қалыптастырады.