Шетелдіктерге Қазақстанда өмір сүру мен жұмыс істеу жеңілдейді — Цифрлық даму министрлігі мәлімет таратты

1705
Фотосурет: freepik.com

Бір жыл ішінде онлайн-форматта 2,4 миллион қызмет көрсетілді, деп хабарлайды DKnews.kz.

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының Қауіпсіздік Кеңесінің өткен жолғы отырысында берген тапсырмаларын орындау шеңберінде көші-қон саясатын жетілдіре түсу бойынша мәселелер қаралды.

UKIMET

Онда цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев көші-қон саласындағы ақпараттық жүйелерді интеграциялау туралы баяндады. Оның айтуынша,есепті жылда азаматтар мен ұйымдар үшін көші-қон саласында 23 мемлекеттік қызмет, оның ішінде 13-і онлайн режимде қолжетімді болды. Бір жыл ішінде онлайн-форматта 2,4 миллион қызмет көрсетілді. Келесі мемлекеттік қызметтер ең көп сұранысқа ие болды: Қазақстан Республикасының азаматтарына паспорттар мен жеке куәліктер беру, Қазақстан Республикасының азаматтарын тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркеу, азаматтарды тұрғылықты жері бойынша тіркеуден шығару және т.б. Осылайша көші-қон саласында қызметтерге жоғары сұраныс байқалады.

«Көші-қон саласындағы мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялау шеңберінде олардың тиімділігін арттыру мақсатында бизнес-үдерістерді талдау және оңтайландыру жұмыстары жүргізілуде. Оның бірі – «Иммигрант» кейсі. Қазіргі үлгіде иммигранттарды қолдау әр кезеңде адамның жеке қатысуын талап етеді. Мәселен, визаға өтініш беру, ЖСН, рұқсаттар мен мәртебелерді алу және тағы басқа. Үдеріс 10-ға жуық мемлекеттік қызметті қамтиды және бір деректі бірнеше рет тексеру қатар жүреді. Автоматтандыру мен бірыңғай ақпараттық жүйенің болмауы кідірістерге, қателерге және мемлекеттік органдарға түсетін жүктеменің артуына әкеледі.

Реинжиниринг нәтижесінде келесі элементтерден тұратын жаңа модель енгізілуде. Олар - сапар мақсаты мен өтініш берушінің деректері ол баратын жерге келгенге дейін белгілі болады, барлық көші-қон үдерістері бірыңғай цифрлық қызметке біріктіріледі, тексерулер ақпараттық жүйелердің интеграциясы арқылы автоматты түрде жүргізіледі, өтініш берушімен өзара іс-қимыл бірыңғай кіру нүктесі арқылы жүзеге асырылады, көші-қондық лектерді болжауға арналған талдамалық база қалыптасады. Реинжиниринг нәтижелері бойынша: үдерістер саны 60–70%-ға қысқарады, қарау мерзімдері азаяды, қайталану жойылады, ашықтық пен басқару мүмкіндігі артады, мемлекеттік органдардың ресурстары оңтайландырылады, елдің имиджі нығаяды деп болжанып отыр», — дейді цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі.

Жоғары білікті IT-мамандарының арасында Қазақстанның тартымдылығын арттыру және олардың елдің экожүйесіне интеграциялануы үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында Digital Nomad Residence және Digital Nomad Visa бағдарламалары іске қосылды. Бірінші бағдарлама тұруға ықтиярхатты толығымен онлайн-форматта алуға мүмкіндік береді. Бұған дейін елге жеке келу, ЖСН мен электрондық цифрлық қолтаңба, сондай-ақ кірісті растау қажет болатын. Бүгінде бұл үдеріс мүлдем қашықтан жасалатын болды. Өтініш беру astanahub.com және egov.kz сайттары арқылы жүзеге асырылады. ЖСН мен ЭЦҚ-ны шетелдік мекемелер арқылы да рәсімдеуге болады, кірісті растау енді талап етілмейді. Бұл шетелдік ІТ-мамандардың кіруін және заңдастыру мәселелерін айтарлықтай жеңілдетті.  

Екінші бағдарлама – цифрлық көшпенділерге арналған мамандандырылған виза. Бағдарлама Қазақстанда өз мамандығы бойынша 1 жыл мерзімде жұмыс істеуге және елде әрі қарай тұруға ыхтиярхат алуға мүмкіндік береді. Онлайн рәсімделеді және ел аумағында алғаш рет цифрлық  көшпенділердің еңбек қызметін заңдастырады. Бүгінгі күні бағдарламаға қатысуға 204 өтінім түсті. Алжир мен Ботсван азаматтарына алғашқы 2 виза берілді. Бұл бағдарламалар – цифрлық таланттарды тартуға бағытталған заманауи және технологиялық көші-қон саясатын қалыптастыру жолындағы маңызды қадам.

«Сондай-ақ QazETA туралы да айтқым келеді. Бұл Қазақстандағы шетелдіктерге арналған мобильді қосымша, ол оларға бірқатар сервистерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Олардың ішінде: цифрлық мемлекеттік қызметтер бөлігінде – виза алу, болу орны бойынша тіркелу және өзге де көші-қон сервистері; туризм бөлігінде – көрікті жерлер, турлар, қонақүйлерді брондау, билеттерді сатып алу және т.б. туралы ақпарат; байланыс және көлік бөлігінде – SIM-карталарды сатып алу, авто, такси жалдау, қоғамдық көліктің кестесі мен төлемі; бизнес және инвестициялар бөлігінде – Astana Hub, Астана халықаралық қаржы орталығы, сондай-ақ B2B-қызметтер туралы ақпаратқа қол жеткізу; қауіпсіздік бөлігінде – шұғыл байланыстар, медициналық қызметтер. 2025 жылғы 15 шілдеде пилоттық жоба аясында QazETA мобильді қосымшасы Playmarket-те орналастырылды. AppStore алаңында қосымшаны орналастыруды осы айдың соңына дейін жүзеге асыру жоспарлануда», — деді Жаслан Мәдиев.

Бұдан басқа, ағымдағы жылдың қазан айында қосымша шеңберінде заңнамаға пысықтау жүргізіліп жатқан 2 жаңа үдеріс іске қосылады Олар – ETA (Electronic Travel Authorization) және E-residency. Алғашқысы, визасыз елдерге кіруге рұқсат беретін қосымша болса, екіншісі, шетелдіктер үшін жаңа мүмкіндік, ол Эстония мен Сейшелдің тәжірибесіне сүйеніп жасалды. Онда елімізге келмей-ақ бизнес ашу үшін Астана халықаралық қаржы орталығы юрисдикциясында резиденцияны тіркеу мүмкіндігі ұсынылады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -