Өскемендік ұландық пауэрлифтингтен топ жаруда

2310
Фотосурет: «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

2019 жылдан бастап Ұлттық ұлан қатарына қосылып, 5518 әскери бөлімінде абыройлы қызмет атқарып келе жатқан кіші сержант Валентин Чехов қаруластарына жоғары физикалық дайындығымен танылған, деп хабарлайды DKnews.kz.

Жауынгер қызметтен тыс бос уақытын спортқа арнайды. Ұландық төрт жылдан бері пауэрлифтингпен айналысып келеді. Валентин өткен жылдан бастап кәсіби деңгейдегі жарыстарға қатысып, «NPA Kazakhstan» федерациясының құрамында бақ сынауда.

Алдағы уақытта басқа да спорттық ұйымдарда өнер көрсетуді жоспарлап отыр. Валентиннің кәсіби спорттағы алғашқы қадамы былтыр  Алматы қаласында өткен «Алатау батырлары» Қазақстан кубогінің ашық біріншілігінде басталды. Бұл оның алғашқы жарысы болса да, ол зілтемірді жұлқа көтеруде алдына жан салмай, бірінші орынға ие болды. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімнің жауынгері мұнымен шектелмеді.

Ол биыл маусым айында Қонаев қаласында өткен республикалық турнирде  штанганы сілке көтеруде озық шығып, тағы да жеңімпаз атанды.  Ал, күні кеше Азия кубогі сарапқа түскен тартысты додода ол үш бірдей спорттық жаттығуға қатысып, жүлделі орындардан төбе танытты. Әсіресе, қатардағы жауынгер  «классикалық сығымдап көтеру» тәртібі бойынша бірінші орынды қанжығасына байлап, Азия жеңімпазы атанды. Көрсеткен жоғары нәтижелерден кейін әскери қызметші «спорт шебері»  санатына қосылды.

Жетісу өңірінің тумасы Валентин Чеховтің жетістіктері – оның тек спорттағы емес,  Ұлттық ұлан сапындағы батыл да, шымыр әскери қызметші екендігінің айқын  дәлелі іспеттес. Сом білекті Ұлттық ұлан жауынгерін  алда – жаңа биіктер мен жаңа жеңістер күтіп тұр деген нық сенімдеміз.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -