Қазақстан интернет жылдамдығы бойынша ТМД елдерінің арасында үздік атанды

1551
Фотосурет: creativeart/freepik.com

Қазақстан ТМД елдері арасында абсолютті көшбасшы атанды

Speedtest Global Index-тің жаңартылған деректеріне сәйкес 2025 жылдың маусымында Қазақстан мобильді интернеттің жылдамдығы бойынша елдер рейтингісінде үш сатыға көтеріліп, 103 елдің ішінде 47-орынға ие болды. Қазақстандағы мобильді интернеттің орташа жылдамдығы 87,27 Мбит/с шамасына жетті.

Айта кетерлігі, Қазақстан ТМД елдері арасында айтарлықтай басымдықпен абсолютті көшбасшы атанды. Қазақстан мобильді интернеттің жылдамдығы бойынша мынадай елдерден алда келеді:

  • Әзербайжан — 20%-ға (55-інші орын, 72,52 Мбит/с);
  • Армения — 48%-ға (67-інші орын, 59,03 Мбит/с);
  • Өзбекстан — 56%-ға (71-інші орын, 55,78 Мбит/с);
  • Молдова— 61%-ға (72-інші орын, 54,25 Мбит/с);
  • Қырғызстан — 61%-ға (73-інші орын, 54,07 Мбит/с);
  • Украина* — 63%-ға (74-інші орын, 53,65 Мбит/с);
  • Ресей — 2,3 есе (88-інші орын, 37,61 Мбит/с);
  • Беларусь — 4,9 есе (102-інші орын, 17,97 Мбит/с). Аталған ел әлемдік рейтингте соңғы орыннан бір саты ғана жоғары орналасты.

Тағы бір ескерер жайт, Қазақстан интернет жылдамдығы бойынша Гонконг, Венгрия, Румыния, Испания, Германия, Ұлыбритания, Түркия, Ирландия, Жапония сынды бірқатар елдерді басып озды.

* Украинаның ТМД құрамындағы мәртебесі бірқатар себептерге байланысты даулы.

Қазақстандағы интернет қарқыны соңғы жылдары үздіксіз артуда. Тек биылғы жылдың қаңтар айымен салыстырғанда, бұл көрсеткіш 6,7%-ға ұлғайды.

Қазақстанның мобильді байланыс жылдамдығы бойынша әлемдік аренадағы көрсеткіштерінің жақсаруына басты себеп — 5G желілерінің дамуы. Елдегі көрсеткіштердің өсуіне дәл осы 5G желісінің іске қосылуы әсер етті, бұл жайтты Ookla (Speedtest Global Index) сарапшылары бірнеше рет атап өтті. Бұған дейін Қазақстанда 5G желісінің жылдамдығы 4G желісінен 10 еседен аса жоғары екені айтылған еді.

Қазақстанда бесінші буын желісін тек Tele2/Altel және Kcell дамытып жатыр. Биыл шілде айында Ookla елдегі ең үздік 5G желісінің иесі ретінде Tele2/Altel-ді марапаттады. Жеңіс Speedtest Connectivity Score индексінің негізінде берілді, бұл көрсеткіш тек деректерді беру жылдамдығын ғана емес, сонымен қатар нақты пайдаланушы тәжірибесін де ескереді: бейнежазбаны жылдам іске қосу, оны HD сапада және одан жоғары деңгейде кідіріссіз әрі үзіліссіз көру, сондай-ақ веб-парақтардың тез жүктелуі.

Мұндай марапат кездейсоқ емес. Tele2 мен Altel телеком-инфрақұрылымды цифрландыруды жеделдетіп, 5G желісін кеңінен енгізуге және желілерді стратегиялық жаңғыртуға басымдық беріп отыр. Бүгінде бесінші буынға жататын 1 500-ден астам базалық станция жұмыс істеп тұр. Алдағы айларда оларға тағы 500-ден астам жаңа нысан қосылады, бұл ТМД нарығындағы ең ауқымды 5G бағдарламалардың бірі саналады. Сонымен қатар компания 2 000-нан астам жаңғырту жобасын жүзеге асырып, 4G/5G қамтуын күшейту үшін қосымша 350 станция салып жатыр, мұның бәрі елдің негізгі өңірлерінде байланыс сапасы мен тұрақтылығын арттыру үшін жасалуда. Тағы бір маңызды қадам – 3G жиіліктерін толық рефарминг жасау болды: жиілік спектрін қайта бөлудің арқасында желінің өткізу қабілеті бірнеше есеге артып, мобильді интернет жылдамдығы айтарлықтай жақсарды. Стратегияны бекітілген сымсыз қолжетімділік беретін 5G FWA-шешімдерін жедел енгізу толықтырады, бұл оптикалық талшыққа қосылу экономикалық немесе техникалық тұрғыдан қиын ел аумағындағы нүктелерде баламаға айналды.

Қазақстандағы 5G желісінің дамуы елдің жаһандық нарықтағы позициясын нығайтып қана қоймай, сонымен қатар еліміздің ірі қалаларының тиісті рейтингтегі орнын жақсартты. Астана мен Алматы ТМД елдерінің қалалары арасында абсолютті көшбасшыларға айналды.

Интернет жылдамдығы Астанада 152,95 Мбит/с шамасын, ал Алматыда 131,96 Мбит/с шамасын құрап, әлемдік рейтингте 73-інші және 63-інші орындардан көрінді. Айтпақшы, біздің «сүйікті» Токио 72,5 Мбит/с көрсеткішімен қалалар арасындағы рейтингте 94-орында тұр. Толығырақ төмендегі ақпараттық кестеде берілген.

Айта кетерлігі, Ookla (Speedtest Global Index) — байланыс сапасын талдау саласындағы әлемдегі ең беделді дереккөздердің бірі. Әртүрлі дереккөздерден алынған мәліметтерді пайдалана отырып, Ookla желілер мен қосылымдардың жай-күйі туралы дәл әрі іс жүзінде қолдануға болатын инсайттар ұсынып, өнімділік көрсеткіштерін телеком нарығы үшін стратегиялық маңызды ақпаратқа айналдырады. Бүгінде бүкіл әлем бойынша миллиондаған пайдаланушы мобильді желілердің сапасын бағалау үшін Speedtest қызметіне жүгінеді.

Ең үздік 5G желісі Speedtest Connectivity Score көрсеткіші негізінде анықталады, ал бағалау құрылымы келесідей бөлінеді: 50% — жылдамдықты бағалау, 25% — веб-парақтарды көру сапасын бағалау, 25% — бейнежазбаны үзіліссіз көруді бағалау.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -