Жаңа Су кодексіне сәйкес, жеке және заңды тұлғалардың азаматтардың су нысандарына кіруін шектеуге құқығы жоқ, деп хабарлайды DKnews.kz.
Егер заңда көрсетілмесе, қоршаулар, күзет немесе өзге де шектеулер қоюға тыйым салынады. Осы норманың сақталуын қамтамасыз ету үшін Су ресурстары және ирригация министрлігі азаматтардың елдің су нысандарына қолжетімділігін реттейтін Суды ортақ пайдаланудың үлгілік қағидаларын бекітті.
Ереже бойынша, суды арнайы пайдалану мен ортақ пайдалану арасында айырмашылық бар. Суды ортақ пайдалану үшін рұқсат алу талап етілмейді, азаматтар су нысандарының жағалауына еркін өте алады. Демалыс, туризм, шомылу, әуесқой балық аулау және жайылым аймақтарда мал суаруға рұқсат етіледі.
Жергілікті атқарушы органдар жаппай демалыс аймақтарын айқындауға және бұл туралы халықты хабардар етуге міндетті. Көлік жуу, жанар-жағармай материалдарын сақтау және т.б. сияқты су нысандарын ластайтын әрекеттерге тыйым салынады.
«Туризм, өзен-көлдерде шомылу, балық аулау, серуендеу — мұның бәрі жаңа Су кодексінде бекітілген суды ортақ пайдалану құқығына кіреді. Әрбір азамат, егер бұл кәсіпкерлік қызметпен байланысты болмаса, жеке мақсаттары үшін суды ортақ пайдалануға құқылы. Қоршаулар мен басқа да шектеулерді орнатуға тыйым салынады. Ескеретін тағы бір жағдай - бұл жергілікті атқарушы органдар ресми түрде белгілеген ұйымдастырылған жағажайлардың жұмысына қатысты. Мұндай жерлерде ақылы қызметтер көрсетілуі мүмкін, бірақ төлем суға өту үшін емес, қосымша сервис үшін ғана алынады» Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов