Егіздер ел қорғау жолында

2057
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Әскери қызмет – әрбір ер азамат үшін үлкен жауапкершілік пен абыройлы міндет.

Отанды қорғау, ел тыныштығын күзету – бұл ғасырлар бойы маңызын жоймаған, киелі борыш. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланының қатарында мыңдаған сарбаздар қызмет етіп, өз елінің болашағы үшін адал еңбек етуде. Олардың арасында әртүрлі өңірден келген, түрлі мамандық иелері мен өмір жолдары ерекше азаматтар бар. Әскер – тек әскери дайындық алаңы ғана емес, бұл ерлікке, тәртіпке, бірлікке тәрбиелейтін үлкен мектеп.

Осындай ортада ерекшеленіп тұратын оқиғалар мен тұлғалар да жетерлік. Солардың бірі – бір әскери бөлімде қатар тұрып, бір сапта қызмет етіп жүрген егіз сарбаздар. Бұл сирек кездесетін жағдай. Ал бүгінде дәл осындай ерекше егіздер «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты  3517-әскери бөлімінде қызмет етіп жүр.  Түркістан облысынан Ақмола облысына өздерінің отан алдындағы борыштарын атқаруға келген Есекенов Аман және Есекенов Есен бүгінде 3517 әскери бөлімінде қатар тұрып, бір сапта, бір сәтте қызмет атқаруда. Ал егіз сарбаздарымыз туралы тоқталып өтсек.

Аман мен Есен 2007 жылдың 15 ақпанында қазіргі Түркістан облысы Атакент қаласында  дүниеге келген. Үлгілі отбасында тәрбиеленген олар – жеті адамнан тұратын шаңырақтың сүйікті ұлдары. Әкелері – Есекенов Бахтияр, вата шығаратын зауытта еңбек етеді. Ал аналары – Даулбаева Айбаршын, сұлулық салонында жұмыс істейді. Бұл отбасында еңбекқорлық, тәртіп пен өзара сыйластық басты құндылық саналады.

Бала кезінен бастап егіздердің өмірі бірге өрілді. Балабақша, мектеп, үйірмелер – бәрі де ортақ болды. Орта мектепті аяқтаған егіздер Жетісай қаласындағы Гани Мұратбаев атындағы колледжде бірге білім алды.  Бір-бірінен ажырамаған олар, бір сыныпта оқып, бір-біріне тірек болып өсті.  Өздерінің айтуынша, егіз болу – бұл үлкен жауапкершілік әрі шексіз қуаныш.

«Біз ешқашан жалғызсырап көрген емеспіз. Қай жерде болсақ та – біргеміз. Қиын сәтте де, қуанышты сәтте де – жанымызда бір-біріміз бар» ағайынды сарбаздар

2025 жылы әскер қатарына шақырту келгенде, Аман мен Есен бұл жаңалықты қуана қабылдады.

«Біз бұл шешімді бірден қабылдадық. Себебі бала кезімізден бірге өстік, өмірдің әр сәтін бірге өткердік. Әскери қызмет те біз үшін бірлескен жаңа тәжірибе, жаңа белес болатының білдік» олар

Олардың бұл бірлігі мен өзара қолдауы әскери бөлімдегілерге де ерекше әсер қалдыруда. Тәртіптері, жауапкершілігі және белсенділіктері үшін командирлері тарапынан да жоғары бағаланып жүр. Алғаш келген күндері олар үшін бәрі жаңа әрі қызықты болды. Ең үлкен таңданыстарының бірі – әскери бөлімде көп әйел әскери қызметкерлердің бар екені болды.

«Шынымызды айтсақ, алғаш келгенде әйел адамдарды көріп, таңғалдық. Олар да ерлермен бірдей форма киіп, сапта тұр. Тәртіп пен талап бәріне ортақ екенін сол кезде терең түсіндік» егіздердің бірі Есен

Қазіргі уақытта егіздер әскери өмірдің талаптарына толық бейімделіп үлгерген. Олар оқу пунктінде саптық, жауынгерлік дайындыққа белсенді қатысып, өз міндеттерін жауапкершілікпен атқарып келеді.

«Мұндағы тәртіп, бірлік, күн тәртібі – бәрі өз орнына қойылған. Бізге бәрі ұнайды. Командирлеріміз әділ, сарбаздар тату» Аман

Аман мен Есен – әскери бөлімдегі сарбаздар арасында ерекше құрметке ие. Тәртіпті, жауапкершілікті әрі тату егіздерге барлығы жылы қарайды. Қызметтес достары оларды үлгі етеді. Қандай тапсырма болмасын, олар әрдайым бірге, сенімді түрде орындайды.

«Біз үшін әскер – өмірлік мектеп. Мұнда біз ерлік пен тәртіптің не екенін түсіндік. Бұл өмірдегі ең маңызды тәжірибелеріміздің бірі болады деп ойлаймыз» бір ауыздан ағайынды сарбаздар

Әскерден кейінгі жоспарлары да нақты. Егіздер қызметтен кейін бір ай демалып, шетелде оқуын жалғастыруды жоспарлап отыр.

«Біз армиядан кейін демалып, білім жолын жалғастырғымыз келеді. Болашағымызды шетелде оқумен байланыстырып отырмыз. Бұл – отбасымызбен бірлесе қабылдаған шешім» бір ауыздан егіздер

Қорыта келгенде, осындай табанды, еңбекқор, ниеті таза егіздер – ел болашағының жарқын кепілі. Олар қайда жүрсе де, қандай жолды таңдаса да, бір нәрсе айқын: олардың жүрегінде Отанға деген адалдық бар. Егіздердің тағдыры – жас буын үшін үлкен сабақ, үлгі және шабыт көзі. Егер әр отбасы осындай тәрбиелі, мақсаткер ұл-қыз тәрбиелей алса, онда еліміздің келешегі бұдан да жарқын болары сөзсіз. Егіздер секілді ел сенімін ақтайтын жастар көбейе берсін!

Лейтенант Бақдәулет Манарбек

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -