Энергетика министрлігі көмір саласын қысқы маусымға дайындауды жедел бақылауына алды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Министрлік бастамасымен өткен алғашқы стратегиялық кеңесте қарыздарды өтеу және көмірді өңірлерге үздіксіз жеткізуді қамтамасыз ету бойынша міндеттер қойылды.
Астана, 2025 жылғы 22 шілде – ҚР Энергетика министрлігі көмір өнеркәсібінің мәселелерін жедел басқаруға кірісті. ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов алдағы жылыту маусымына дайындыққа арналған алғашқы стратегиялық кеңесті өткізді. Кеңеске ірі көмір өндіруші кәсіпорындар, уәкілетті мемлекеттік органдар мен салалық қауымдастықтар қатысты.
Бұл шешім елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында шұғыл шаралар қабылдау қажеттілігіне байланысты қабылданды. Өз сөзінде министр Үкімет басшылығының тапсырмасына сәйкес көмір саласын реттеу функцияларын Энергетика министрлігіне заңды түрде бекіту үдерісі жүріп жатқанын атап өтті.
Кеңесте шұғыл шешімді талап ететін өзекті мәселелер көтерілді. Соның ішіндегі бастысы – энергия нысандарының көмір кәсіпорындары алдындағы берешегі. Мысалы, қазіргі таңда тек «Богатырь Комир» ЖШС алдындағы қарыз көлемі 3 млрд теңгеге жуық. Бұл берешектерді өтеу мәселесі министрліктің қатаң бақылауында тұрақты түрде жүргізілетін болады.
Көмір саласы еліміздегі электр энергиясының шамамен 70 пайызын өндіруді қамтамасыз етеді және өнеркәсіптік алыптар мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйесінің негізі болып табылады. Қазақстанда 33,6 млрд тонна көмір қоры бар, тиісінше нарықты қамтамасыз етуде қиындықтар болмауы тиіс.
«Алдағы жылыту маусымының сәтті өтуі – біздің басты міндетіміз. Бұл екі негізгі факторға байланысты: қаржылық тәртіп пен жеткізу кестелерінің нақты орындалуы. Біз көмір өндірушілер алдындағы берешектердің өтелуін және көмірді өңірлерге жөнелту процесін жеке бақылауда ұстаймыз. Халық пен әлеуметтік нысандарды жылумен қамтуда мәселе туындамау тиіс» ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов
Кеңес қорытындысы бойынша министр бірқатар нақты тапсырма берді. Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетіне әкімдіктермен бірлесіп өңірлердегі көмір қорының жиналуын апта сайын бақылап отыру және көмір өндіруші компаниялар алдындағы қарызды мәжбүрлеп төмендету жұмыстарын жалғастыру тапсырылды.
Көмір өндіруші кәсіпорындар («Богатырь Комир», «Қаражыра» және т.б.) көмір өндіру жоспарларын мүлтіксіз орындап, халық пен электр станцияларының қажеттіліктері үшін көмір жөнелтуге басымдық беруі қажет. Барлық қатысушы тараптарға, соның ішінде «ҚТЖ» ҰК АҚ-на, жеткізудегі кідірістерді болдырмау үшін кез келген логистикалық мәселелерді жедел шешуді қамтамасыз ету жүктелді.
Энергетика министрлігі елді көмірмен қамтамасыз етуге қатысты барлық процестердің толық үйлестіруін өз мойнына алып, күзгі-қысқы маусымнан сенімді өту үшін берілген тапсырмалардың орындалуын апта сайын бақылауда ұстайтын болады.