Қазақстан Әзербайжанда «Дос-Мұқасан» фильмін таныстырды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Бакуде Қазақ киносының айлығы басталды. Салтанатты іс-шара «Дос-Мұқасан» музыкалық драмасымен ашылды. Режиссер Айдын Сахаманның фильмі елдің музыка өнеріне жаңа серпін берген, қазақ рокының негізін қалаушы танымал қазақстандық ансамбльге арналады.
Іс-шара аясында әзербайжандық талантты әншілер мен музыканттардың қатысуымен концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, бұл кеш қос халық арасындағы мәдени байланыстың айқын көрінісіне айналды.
Кешке Қазақстан Республикасының Әзербайжан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Әлім Байел, шығармашылық және ғылыми зиялы қауым өкілдері, дипломатиялық корпус мүшелері, БАҚ, Бакуде тұратын қазақстандықтар мен қазақ киносын қолдаушылар қатысты.
«Дос-Мұқасан» фильмі Ефрат Шәріповтің сценарийі негізінде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген. Туындының продюсері – Айгүл Байбек.
Фильм желісі политехникалық институттың студенттері құрған ансамбль тарихын баяндайды. Жас музыканттардың өнер мен ғылым арасындағы күрделі таңдауы, концерттерге тыйым салу, партия тарапынан қысым, оқу орнындағы қиындықтар секілді шынайы өмірлік кедергілер көрініс табады.
Кинотуындыда кейіпкерлердің тарихи бейнесін дәл беру үшін актерлер нақты прототиптерге сай таңдалған. Туындының тарихи шындыққа сай болу үшін ансамбль мүшелері Мұрат Құсайынов пен Досым Сүлейменов арнайы кеңесші ретінде шақырылған.
Баку қаласында өтіп жатқан Қазақстан киносы айлығы аясында еліміздің заманауи киноөнерінің сан қырын танытатын басқа да туындылардың көрсетілімі жоспарланған.