«Алатау» дәстүрлі өнер театрының Steppes Rhapsody спектаклі Франциядағы Avignon OFF фестивалінде аншлагпен өтуде, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қойылымның басты ерекшелігі – сахнада әр шығарма, ән, би этно-фольклорлық ансамбльдің сүйемелдеуімен орындалды. Домбыра, жетіген, баян, қылқобыз, прима-қобыз, шертер, ұрмалы және үрмелі аспаптар – барлығы 20-дан аса ұлттық аспаптың үні көрерменге әсерлі музыкалық атмосфера сыйлайды.
Сондай-ақ, қойылым режиссері Әділет Таменовтің екі айбалтамен орындайтын күрделі әрі әсерлі сахналық көрінісі көрерменді таңқалдыруда. Мұндай пластикалық шешімнің әлемдік сахна өнерінде баламасы жоқ.
Жалпы биыл фестивальге қатысуға Алматыдан тағы үш театр шақырту алды. Олар Мемлекеттік Қуыршақ театры, «Артишок» және «Жолда» театры.
Avignon OFF фестивалінің ресми бағдарламасына бірден төрт алматылық ұжымның қатысуы — қазақстандық сахна өнерінің әлемдік деңгейде танылып, белсенді түрде дамып келе жатқанын көрсететін маңызды жетістік.