Бұқар-Жырау ауданында көрнекті хирургтың ескілігі насихатталды

2398
Фотосурет: Бұқар жырау ауданы әкімдігі

Ботақара кентінде денсаулық сақтау саласына сүбелі үлес қосқан білікті хирург, Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісінің үздігі Қазкен Нұрғалиұлы Жұмақаевты мәңгі есте қалдыру мақсатында мемориалдық тақта орнатылды, деп хабарлайды DKnews.kz.

Қазкен Жұмақаевтың бүкіл еңбек жолы Бұқар жырау аудандық ауруханасымен тығыз байланысты. Ол мұнда 1975 жылдан 2015 жылға дейін жұмыс істеді. 40 жылға жуық уақытын медицинаға арнаған дәрігердің 15 жылы аурухананың бас дәрігері қызметінде өтті.

Мемориалдық тақта орнатылған аудандық аурухана қабырғасында Қазкен Жұмақаев ондаған жылдар бойы күрделі оталар жасап, заманауи хирургиялық әдістерді енгізді. Сонымен қатар, жас мамандарды даярлауға ерекше көңіл бөліп, өзінің білімі мен тәжірибесін ұрпаққа үйретуге аянбай еңбек етті.

Ол туралы естеліктерімен әріптесі, анестезиолог-реаниматолог дәрігер Сергей Уваров бөлісті.

– Қазкен Нұрғалиұлымен алғаш 1981 жылы таныстым. Ол кезде ол Ульянов аудандық ауруханасының хирургия бөлімін басқарды. Ал мен жоғары оқу орнын енді бітіріп, жолдамамен келген жас маман едім. Ол біз үшін тек кәсіби шеберлігі жоғары дәрігер ғана емес, бағыт-бағдар беріп, үлгі көрсеткен ұстаз болды. Өз ісіне адалдығы мен үнемі даму жолын іздейтін қасиеті бізді де шабыттандырды, – деді Сергей Уваров.

Қазкен Жұмақаев аудандық ауруханада жұбайымен бірге қызмет етті. Отбасындағы үш баласы да ата-анасының жолын жалғап, бүгінде барлығы медицина саласында еңбек етуде.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -