Ұлттық ұлан қатары жас сарбаздармен толықты

2486
Фотосурет: ҚР Ұлттық ұланы “Батыс” ӨңҚ баспасөз қызметі

Ел тыныштығы мен қауіпсіздігін күзететін Ұлттық ұлан сапы жас сарбаздармен толықты, деп хабарлайды DKnews.kz.

Атыраудағы 5546 әскери бөлімінде жас жауынгерлер әскери ант қабылдап, Отан алдындағы борышын өтеуге салтанатты түрде кірісті.

Бірнеше апта бойы әскери тәртіпке үйреніп, саптық машықтарын шыңдаған сарбаздар бұл күнге ерекше дайындықпен келді. Салтанатты шара барысында жас сарбаздар, елге адал қызмет етуге серт берді. Әнұран шырқалған сәтте сарбаздар бойынан сенімділік пен рухтың ал ата-аналар мен жақындардың жүзінен мақтаныштың лебі сезілді. 5546 әскери бөлім командирі, подполковник Самет Құлахмедов жас жауынгерлерге сәттілік тілеп, әскери өмірге аяқ басқан маңызды сәтпен құттықтады.

“Бүгін сіздер ел қорғаушысының жолына түстіңіздер. Бұл – үлкен жауапкершілік пен тәртіпті талап ететін қызмет. Әрбір қадамдарыңызда Отанға деген адалдық пен батылдық көрініс тапсын”, – деді ол.

Салтанатты шараға қатысқан ардагерлер мен ата-аналар сарбаздарға жүрекжарды лебіздерін арнап, ел үшін еткен еңбектеріне сәттілік тіледі. Ардагерлер кеңесінің мүшесі Айша Медетова жас ұландарға ерекше тілегін жеткізді.

“Әскери ант – жай ғана сөз емес, бұл – өмірлік серт. Сіздер еліміздің тыныштығын күзететін ер азаматтарсыздар. Біз бейбіт өмірдің қадірін білеміз, енді сіздер сол бейбіт күннің кепілі боласыздар”, – деді ол.

Жас сарбаздар енді бір жыл бойы Атырау қаласының қоғамдық тәртібін сақтау, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында қызмет атқаратын болады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -