3168

«Ел намысы – ер намысы» деген мақал айтылған сайын «Бізде ел намысын ойлайтын ер бар ма екен?» деген ойдың келетіндігі бар. Халқымыз «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» дейді. Бұл дегеніміз ата-бабаларымыз ар-ұятын, намысы мен иманын бәрінен жоғары қойған деген сөз. Расында да, осылай деген халқымыз қашанда елдің сөзін сөйлейтін ерлерін мақтан еткен. Әрине, ел болған соң ар мен намысты ту еткен ерлердің де болатындығы заңдылық.

Осы тұрғыдан алғанда, бүгінде өз өмірінің жетпіс бесінші белесін еңсеріп отырған белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Аманкелді Смағұлұлы Шабдарбаевтың өмір жолы өсіп келе жатқан жас ұрпаққа үлгі-өнеге боларлығы анық. Отанға, ел мен жерге, әскери антқа деген адалдық, өз ісіне деген жауапкершілік және адамгершілік қасиеттері біздің кейіпкеріміздің өмір бойғы қағидасы болған десек қателеспейміз.

Сонау жетпісінші жылдардан басталған әскери өмірі, қатардағы жедел уәкілден тәуелсіз мемлекеттің құзырлы мекемелерінің басшылығына дейінгі созылған қызметі, иығындағы лейтенант погондарының генерал шеніне дейін көтерілуі ол кісінің туған жерге деген адалдығын дәлелдеп тұрғандығы сөзсіз. Қызмет дегеніміз қашанда үлкен жауапкершілік жүктейтіндігі белгілі. Жедел қызметтің жеңілі болмайтындығы сияқты, бұл жолда талай қиындықтардың кездескендігі, ұйқысыз күндер мен түндердің болғандығы айтпаса да түсінікті. Мұндайда ер азаматтың сынға түсетін сәттері көп болады. Осындай сындардан сүрінбей өте білген Аманкелді Смағұлұлының қызметі  айтулы лауазымдарға ұласты. Қазақстан Республикасы Президенті Күзет қызметінің бастығы, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы секілді қызметтерде ол кісі бірінші кезекте қордаланған мәселелерді шешуге күш салды. Сондықтан да әріптестері білікті басшы, шебер ұйымдастырушы  ретінде бағалайды, құрметтейді. Бұл сөзімізге  бір ғана мысал келтірсек те жеткілікті. Президенттің Күзет қызметінің басшысы болып тағайындалысымен батыл қадамдар жасады. Аталған қызметтің міндеті мен маңызын терең түсіне білген басшы ең алғашқыдардың бірі болып  ведомстволық психологиялық қызметті құрды. Оған негізінен білікті мамандарды тартып, әскери қызметшілерге психологиялық тұрғыда көмек берілуін қадағалады. Аталған құрылымды керекті материалдық-техникалық базамен қамтуға да бар күш-жігерін жұмсады. Сол уақыттағы  ең маңызды мәселердің бірі осы болатын. Көп ұзамай Қазақстанның күш құрылымдары үшін психологиялық қызметті практикалық тұрғыда қолдану тақырыбында алғаш рет ведомствоаралық ғылыми-практикалық конференция өткізілді. Оған ҰҚК, ІІМ, Қорғаныс министрлігінің жетекші мамандары қатысып, пікір алмасты. Осылайша, әскер  саласында шешімін таба алмай келе жатқан психологиялық қызмет көрсету мәселесі алғаш рет жүзеге асырылып, өз алдына құрылымдық бөлімше болып жасақталды, әскери психологтар пайда болды. Қазіргі таңда барлық күш ведомстволарында жүйелі жұмыс істеп, әскери қызметшілердің шын мәніндегі көмекшісіне айналған психологиялық қызметтердің бастауы бір кездері Аманкелді Шабдарбаевтың батыл шешімдерінен бастау алғандығын айта кеткен орынды. 

Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету терең біліктілік пен зор жауапкершілікті талап ететіндігі сөзсіз. Бұл салада да Аманкелді Смағұлұлы ҰҚК төрағасы ретінде зор жауапкершілік жүгін мойнына ала білді. Соның нәтижесінде қазақстандық қарсыбарлаушылардың шытырман оқиғаға толы операциялары өз жемісін беріп жатты. Қазақстандық барлаушылар көзге көрінбейтін майданда бар екендіктерін дәлелдеп, әлемдік деңгейдегі арнаулы қызметтермен түрлі комбинацияларда ойнай білді. Олар туралы сол жылдары ақпарат құралдары кеңінен насихаттады. Талай қарсыбарлаушылардың еңбегі мемлекеттік наградалармен марапатталды. Әрине, қауіпсіздік саласында құпиялылық режимі деген бар. Сондықтан айтуға болатын іс-шаралар кезінде айтылды, ал мемлекетаралық қарым-қатынасты бұзбас үшін жарияланбай, өзінің уақытын күтіп  мұрағат сөрелерінде жатқандары қаншама!.. Уақыты келгенде олар туралы да ел-жұрт хабардар болар деген ойдамыз.

Көп жағдайда «Сананы тұрмыс билейтіндігі» (К. Маркс) жасырын емес. Мұндай қанатты сөзді біздің кейіпкеріміз де ешуақытта естен шығармай, қай мекемеге басшы болып барса да қызметшілердің тиянақты, алаңсыз жұмыс істеуіне қолдан келген мүмкіндіктерді қарастыра білді. Өйткені мұндай мәселені ол кісі ешуақытта кейінге ысырып қоймайтын. Керісінше маңызды істердің қатарында қарастырып, жеке бақылауында ұстайтын. Нәтижесінде көптеген мамандардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлары тез арада оңтайлы шешіле білді. Мысалы, өзі басшылық жасаған Президенттің Күзет қызметінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тарихында қызметкерлер үшін қысқа мерзімде көпқабатты тұрғын үйлер соғылуына үлес қосты.  Генералдың бастамасымен әкімшілік ғимараттар қайта жөнделіп, жас отбасылар үшін жатақханаға айналдырылды. Осылайша үйсіз-күйсіз жүрген көптеген офицерлердің отбасылық мәселесі ойдағыдай шешілгендігін сол кездегі қызметтестері ыстық ілтипатпен еске алады.

Табандылық, ісіне деген жауапкершілікті бойына сіңіре білген  Аманкелді Смағұлұлына талай маңызды жұмыстар тапсырылды. Соның бірі қазақ халқының аяулы ұлы Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың жеке қорғаушысы болғандығын айтсақ жетіп жатыр. Д. Қонаев «Өтті дәурен осылай» атты мемуарында жас офицерге шын көңілден өзінің ризашылығын білдіреді... 

Абай атамыздың «Алдыңғы толқын ағалар, кейінгі толқын інілер» деген өлең жолдары аға ұрпақ пен жас ұрпақтың арасындағы мәдени сабақтастықтың этнос өміріндегі маңызын аңғартады. Дәстүрлі қазақ қоғамында елеулі орын алатын аға мен іні сыйластығы – этностың қорғаныс механизмінің қалыпты әрі ырғақты қызмет атқаруын қамтамасыз ететін әдеп нормалары болып саналады. Ағалы-інілі ретінде танысқан Олжас Сүлейменов пен Аманкелді Шабдарбаевтың қарым-қатынасы жылдар өте келе достыққа, бауырластыққа ұласып кетті. Генералдың әдебиетке жақын екендігін, ақын досының өлеңдерін мәнерлеп оқитындығын әлеуметтік желі беттерінен де байқауға болады. Бұл да қазіргі жастарға үлгі-өнеге болатындығы сөзсіз. Ақиық ақын өзінің бір сөзінде Аман досымен «Буревестник» волейбол командасында қалай танысқандығын, ол достықтың ұзақ жылдарға созылғандығын айта келіп, досының бітім-болмысын бір-ақ ауыз сөзбен түйіндейді: «...Димаш Ахметұлы Қонаевтың  қасында ең лайықты офицерлер жұмыс істеді деп ойлаймын. Басына қиын-қыстау күн туған сәтте Қонаевты айқай-шусыз, нақты ісімен қолдап отырғандардың қатарында Аман да болды. Сол кезде көрсетілген мұндай батылдықты «әдептілік» деп те айтуға болады. Ал Аманкелді өзі таңдап алған мамандығының кәсіби шыңы да сол борышына адал болудан және әдептіліктен тұрса керек».

«Отан – отбасынан басталады» дейміз, немесе «Отбасы – шағын мемлекет» деп жиі айтамыз да оған терең мән бермей жатамыз. Ал бұл мәселеге Аманкелді Шабдарбаев әулетінің көзқарасы ерекше. Өйткені, тәрбие бесігі отбасыдан басталады. Ата-ананы құрметтеу, олардың алдындағы перзенттік парызын өтеу жағынан да Аманкелді Смағұлұлының іс-әрекетін үлгі-өнеге ретінде айтып өтсек артық болмас деймін. Әкеден жастай айырылып, жетімдік тақсіретін тартқан кейіпкеріміз анасын аялауға ерекше көңіл бөлді. Қаншама үлкен лауазымды қызмет атқарып жүрсе де үйіндегі анасының хал-жағдайын сұрап, өтінішін орындау бәрінен де қымбат тұратын. Ұлының осындай тәрбиесіне дән риза болған Ажар апа да баласына ақ батасын беріп кетті.  Шығыстың ұлы ойшылы Әбу Насыр Әл-Фарабидің: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі» деген сөзі де қоғамда жиі айтыла бастады. Шынында, дамыған елдерде ең алдымен тәрбие мәселесіне мән беретіндігін байқап жүрміз. Бұл орайда ең алдымен ұлттық тәрбиеден сусындап өскен ұл-қыздары еліміздің әр саласында абыройлы қызмет атқаруда. Барлығы да отбасылы, жоғары білімді.  Әрине, мұндай сәтте Аманкелді Смағұлұлының өмірлік серігі болып өмірден өткен жұбайы Гүлнәр Сабырқызы туралы да ерекше тоқталып өткен орынды. Көрнекті ғалым, биология профессоры және ардақты ана бола білген абзал жанның бала тәрбиесіне үлкен мән бергендігі анық байқалады. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін, ар мен намысты бәрінен биік қоятын әдепті Шабдардабаевтарды көргенде арғы жағынан ата-ананың тәрбиесі сезіліп тұратындығы анық.   

Қазіргі уақытта 75 жас дегеніміз кәрілік емес, ол адамның толықсыған шағы, мәнді де мағыналы ғұмырының жалғасы.  Олай болса, Аманкелді Смағұлұлына мықты денсаулық пен ұзақ ғұмыр тілейміз!

Мұхтар Анарбекұлы

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -