Ұландықтар су аймақтарында профилактикалық рейд жүргізуде

1892
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Шомылу маусымының қызуына байланысты ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілері су айдындарында жазатайым оқиғалардың алдын алуға бағытталған кешенді шаралар жүргізуде, деп хабарлайды DKnews.kz.

Акция шеңберінде ұландықтар республика бойынша жағалау аймақтарына арнайы барып, су жағасында қауіпсіздік ережелері жазылған жадынамалар таратуда, сондай-ақ демалушылармен түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әсіресе, ересектерсіз жүрген жастарға, кәмелетке толмағандарға ерекше көңіл бөлінеді.

Рейдтің негізгі мақсаты — қайғылы жағдайлардың алдын алу және азаматтарға қарапайым, бірақ өмірлік маңызы бар ережелерді еске салу. Шомылу науқанында балаларды ерекше бақылау керек, ағысы бар жерге жүзуге және су ішідегі арнайы белгілерден асуға болмайды. Сондай-ақ мас күйде суға түспеу, тыйым салынған жерлерде шомылмау ескертіледі.

Ұландықтар күнделікті қызметтерінде әртүрлі жағдайларға тап болады, олар суға батып бара жатқан қаншама адамның өміріне араша болды. Осыдан тура бір ай бұрын, 27 маусымда Қызылордада сержант Мұрат Түсекеев пен кіші сержант Жамбыл Таңсықбай Сырдария өзеніне батып бара жатқан ер адамды құтқарып қалды. Ал өткен аптада Өскеменде ефрейтор Пермабек Жанасбек Үлбі өзенінен қызды құтқарғаны үшін "Ізгі жүрек" сыйлығына ие болды.

ІІМ Ұлттық ұланы мен ТЖМ халықты мұқият және жауапты болуға, сақтық шараларын сақтауға шақырады. Қауіпсіздік әрқайсымыздан басталады!

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -